Жоба туралы

«Қазақстандағы практикалық журналистика 3.0» – 2006 және 2008 жылы кітап түрінде шыққан жобаның үшінші нұсқасы.

Биыл жоба онлайн-курс түрінде және 500 дана шектеулі тиражбен шығып отыр. Онлайн-курс үнемі жаңа тараулармен толықтырылып отырады.

Кітаптағы барлық 17 тарау қазақ және орыс тілдерінде қатар берілген, тест тапсырмалары мен практикалық ұсыныстар бар. Курсты тұтастай өтуге немесе жеке бір тарауын оқуға да болады.

«Қазақстандағы практикалық журналистика 3.0» жобасына фактчекинг, мультимедиа, data-журналистика, SMM және тағы басқа өзекті мәселелер енген.

Сонымен қатар, курс шеңберінде халықаралық, экономикалық, әлеуметтік журналистика, ақпарат көздерімен жұмыс, ТВ жаңалықтар жүргізушісінің жұмысы, сұхбаттың қыр-сыры сияқты классикалық тақырыптармен танысуға да болады.

Маңызды тақырыптық блок ретінде құқықтық бөлімді айтуға болады, онда медиа құқық, этика, конфликтіден хабар тарату және этникааралық қарым-қатынас мәселелері қамтылған тараулар бар.

Авторлар қазақстандық және шетелдік медиа мамандар: редакторлар, журналистер, заңгерлер және т.б.: Гүлнара Бажкенова, Вячеслав Абрамов, Жұлдыз Әбділда, Сергей Домнин, Шолпан Елеусізова, Михайло Кольцов (Украина), Викинтас Пугачаускас (Литва), Ольга Диденко, Асхат Еркімбай, Мария Гордеева, Мұхтар Сеңгірбай, Гүлмира Қамзиева, Есенгүл Кәпқызы, Павел Банников, Назгүл Қожабекова, Игорь Братцев, Әділ Джалилов.

Естеріңізге сала кетейік, «Практикалық журналистика» 2006 жылы 3000 таралыммен және 18 автордың мақаласымен шықса, 2008 жылы 5000 таралыммен және 39 практик автордың материалымен жарық көрген болатын.

Үш кітап та бірегей және бір-бірін қайталамайды. Тек концепциясы ғана сақталған, яғни бірлескен тәжірибе және практик мамандардың ұсыныстары.

11 жыл бойы осы жобаның көмегімен оқыған көптеген журналистер бүгінде танымал кәсіби маман болған.

MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жобаға қолдау білдірген ұйымдарға, авторлар қауымына және осындай қажет дүниені жасау барысында қажырлы еңбек еткен баршаға алғыс білдіреді.

Бұл жоба Сіздер үшін пайдалы болады деп үміттенеміз.