Мультимедиалық құралдар және оларды қолдану принциптері

Автор: Назгүл Қожабекова

 веб-жобалар редакторы, медиатренер

Көз – адамның сезім мүшелері арасындағы ең жылдамы және жақсы дамығаны. Ақпараттың 90% адам естіп, иісін не дәмін сезіп емес, көріп алады. Одан бөлек, адамзатқа тіл біткенге дейін бір-бірімен сурет арқылы қатынас жасағаны да белгілі. Оған дәлел – жартастағы суреттер, ежелгі рим иероглифтері. Тіпті, әңгіме айтып тұрып да қолымыз ілесе қимылдайды, не болмаса,әлденені түсіндіру үшін тақтаға сурет саламыз. 

Журналистік материалдарды визуалдау – тренд, қажеттілік, шарт дейсіз бе, қалай атасаңыз да, қазір аса керек дүниеге айналғаны сөзсіз. Оның үстіне, қазір платформалардың көбі (бәрі дерлік) графикалық болып кеткен.Instagram, Pinterest, YouTube, Vine, Netflix, Snapchart – осы платформалардың бәрі визуал контент жариялауға арналады. 

Тіпті, Твиттер, Фейсбук және басқа да танымал әлеуметтік желілердің өзін осы топқа жатқызуға болады, өйткені олардыңинтерфейсі ұзақ мәтіндік сипаттамаларды визуал контентпен – видео, фото, өзге графика – ілестіре  жариялауды көздейді. Қайткен күнде де, осы аталған ресурстардың арасында графикалық контентке лайықталмаған бір де біреуін таба алмайсыз. 

Жыл сайын интернетте жүргізілетін зерттеулер нәтижесі визуал материалдар аккаунт, топ және блогтардың танымалдығын арттыруға ықпал ететінін көрсетеді. Визуал контентпен ілесе жүретін материалдың танымалдығы артып келеді. Визуализация маңызды да қажет дүние екенін әр журналист түсінеді. Келесі кезек – оны қалай, не үшін және қандай мақсатпен қолдану керек екенін түсінуде.  

Қазір көбінесе «деректерді визуалдау» ұғымы қолданылады. Бұл – Дата-журналистикаға қатысы бар түсінік (алдыңғы тарауды қараңыз), онда қолданылатын көптеген құралдар, ең алдымен – инфографика, есептемелерді көрнекі ету үшін пайдаланылатын бизнестен келген. 


Алайда, бұл тарауда тұтас журналистік материалды мультимедиалық құралдар көмегімен визуалдау туралы айтамыз. Бұл тақырыпқа тереңдей енсек, мультимедиалық сторителлингке қарай кетіп қалуға болады, алайда, біздің мақсат ол емес. 

Сонымен, визуалдау құралдарын таңдауда қандай ұстанымды басшылыққа алу керек? 

Визуалдау тәсілдері мен әдістері арасынан журналистиканың басты Кім? Не? Қайда? Қашан? Қалай? Неліктен? деген сұрақтарына сай келетіндерін таңдаған дұрыс. 

Кім? Не?

Кейіпкер немесе оқиға айналасында құрылған баянды визуалдау үшін кез келген құрал немесе әдісті қолдануға болады. Содан кейін барып, сол оқиға баянында не нәрсеге баса мән беріп, нені алдыңғы қатарға шығарғыңыз келетінін шешесіз. 

Мысалы.  

Theopenasia.net порталындағы «Бала тағдырын балталағандар» атты материалда, педофил бейнесін жасау үшін мақала авторы инфографика тәсілін қолданған.  

Әрине, бұл мәліметтің бәрін жай мәтін күйінде де беруге болар еді, алайда, осы күйінде оның оқырманға әсері де, ақпараттық күші де артық болып тұр. 

Әңгіме болып отырған оқиға қайда болды?

Бұл сұрақтың жауабын фото, видео, интерактив сурет, инфографика (интерактив және статикалық) және карта (интерактив және статикалық) түрінде беруге болады. 

Қашан болды?

Ақпаратты хронологиялық жағынан жүйелеп ұсыну үшін инфографикадан видеороликке дейінгі түрлі форматтарды қолдануға болады. Әйтсе де, бұл мақсатта керек фактілерді байланыстыра отырып уақыт шкаласын құру қызықты да ыңғайлы тәсіл болмақ.  

Жоғарыда мысал ретінде аталған материалдың бір бөлігін автор таймлайн түрінде берген. Бұл ретте де осы айтылғанның бәрін мәтін түрінде беруге болар еді. Бірақ, оқырман кітап сияқты парақтап отырып, қажет деректермен, фото, видеомен көмкерілген мәтінді оқып, әр жылдың оқиғасына қанығуы үшін осы тәсіл таңдалған.  

Қалай болды?

Мұнда оқиғаның хронологиялық ретін көрсету үшін таймлайн, географиялық орнын көрсету үшін карта, фото мен видео, дейін және кейінгіні салыстыру үшін салыстырмалы сурет, кейіпкерді сөйлету үшін слайдкаст форматтарын қолдануға болады. 

Осы аталған үш сұрақты қосып визуалдауға да болады. Мысалы, «Тәуелсіздік: ширек ғасыр» атты материалда StoryMapJS сервисінде жасалған картада КСРО күйреуі, біріншіден, хронологиялық ретпен, екіншіден, бірінен кейін бірі тәуелсіздік алған елдердің картадағы орналасу ретімен баяндалған.  

Неліктен?

Себеп-салдар қатынасты карта, инфографика, таймлайн түрінде көрсетуге болады.