Фактчекинг пен верификация – журналистің құралы

Автор: Михаил Кольцов

Могилян журналистика мектебінің оқытушысы

 «Фактчекинг» және «верификация» ұғымдары журналистердің лексиконына жақында ғана енгенімен, олардың астарында журналист мамандығына тән шынайы фактілерді ұсыну және бұрмаланбаған ақпаратты жеткізу сынды негізгі машықтар жатыр. Ендеше, осының бәрін «фактіні тексеру» деп атай салып, бұл ұғымдарды кәдімгі сәнге ілесу және кірме сөздер деп тануға болмай ма?

Алайда, мәселенің тамыры тереңде, ең алдымен, «журналист» түсінігінің аясын анықтауда. Он жыл бұрын ғана журналист деп тек басылымның редакциясында жұмыс істейтін және соған сәйкес кәсіби білімі бар адам аталатын. Бірақ, әлеуметтік желі платформаларының дамуы мен мобайл құрылғылардың кең таралуы бұл ұғымға біршама өзгеріс енгізді. Әлеуметтік желілер платформалары адамның нені біліп, нені білмейтінін анықтай бастаған ақпараттық сүзгіге айналды. Онда әр күннің ақпараттық хаттамасын жасап қана қоймай, шартты түрде қабылданатын ақпараттық көзқарас қалыптастыра бастаған «пікір көшбасшылары» мен «блогерлер» мәдениетін жасады. Смартфондардың таралуы қандай да бір оқиғаның еріксіз куәгері болған адамдар түсірген фото мен видеоны редакцияның фототілшісі түсірген фотосуреттерге қарағанда анағұрлым құнды етті.  

Ақпарат арналарының дәл осылай өзгеруі фактчекинг пен верификацияның маңызы артуына алып келді. Өйткені, енді сіз ақпаратты жарияланбай тұрғанда емес, ол әлеуметтік желілерде, электрон медиада, тіпті, телеарналар эфирінен лезде таралып кеткеннен кейін барып қана тексеруге мәжбүрсіз.  Әйтсе де, осы тарауда сипатталатын верификация алгоритмдері мен фактчекинг техникасын материалдарды жариялағаннан кейін емес, жариялағанға дейін көбірек қолданарсыздар деген үмітім бар.