Дата журналистика: сандармен әңгімелесу

Автор: Асхат Еркімбай 

"Мінбер" журналистерді қолдау орталығы жанындағы Жаңа медианы зерттеу тобының жетекшісі


Ең әуелі келісіп алайық. Бұл мақалада «дата» деген сөздің орнына компьютер есептей алатын кез келген мәліметті қолданамыз. Ол сан, сөз, сурет немесе Facebook-тегі хабарлама да болуы мүмкін. Бастысы компьютер бағдарламасы арқылы оны сараптап, анализ жасай алуымыз керек. 

«Дата журналистика» деген ұғым соңғы елу жылдың көлемінде пайда болғанымен, негізгі бастауын «Зерттеу журналистикасынан» алады. Сондықтан бұл кейбіреулер ойлағандай журналистиканың жаңа түрі емес. Бар болғаны – интернеттегі ауқымды деректі сараптап, ішіндегі оқиғаның жай-жапсарын түсіндіру. Бұған дейін инвестигейтив (ағыл. investigate, зерттеу) журналистер құпия құжаттың астарына үңіліп, ішінен қоғам үшін маңызы бар дерек тауып, соны баяндайтын. Қазіргі дата журналист анализ жасаумен қатар, күрделі сандардың арасынан қызықты оқиғаны көре білуі керек. Ол үшін көбіне компьютер бағдарламаларының көмегіне сүйенеді. 

Дата журналистика – кең көлемдегі мәліметті жинақтап, сараптап, визуализация құралдары арқылы немесе мақала көмегімен көпшілікке баяндау. Әрбір мәліметтің кішкентай бөлшегінің мағынасын ашу.