Креатив сараптама

Автор: Әділ Джалилов

MediaNet Халықаралық журналистика орталығы, директор

Factcheck.kz, жоба жетекшісі

Әлем гиперақпаратты болып барады. Медиа құралдарының барлығы бұрын болмаған бәсекемен бетпе-бет келіп отыр. Дәстүрлі БАҚ (газет, журналдар, телевизия, радио) қай кезде де барынша қолайлы ортада тіршілік кешті. Ендігі жерде бәсекеге қабілетті болу үшін аудиторияға айрықша, эксклюзив дүние ұсыну керек. 

Аудиторияны айрықша бірегей технологиямен, интерфейспен, дизайнмен таңғалдыруға болады, бірақ, ерекше контентсіз оны ұзақ ұстап тұра алмайсыз. Ондай контентті түрлі жолдармен жасауға болады: танымал авторларды тарту, ерекше, жанжал жаңалықтар табу, т.с.с.

Алайда, бірегей контент жасаудың ең айқын жолы – ақпаратқа деген өз көзқарасыңызды пайдалану, оны өзіңізше, креатив жолмен сараптау. 

Медиа саласындағылардың бәрі дерлік – журналистер, блогерлер, PR мамандары – ақпаратты сараптауына тура келеді. Әрине, жаңалықтар форматында ғана жұмыс істейтіндер, яғни болған оқиғаны хабарлап қана отыратындар да бар. 

Әйтсе де, бұл жағдайда да, тақырыпқа барынша тың, өзгеше тұрғыдан қараған абзал. Олай етпесеңіз, сіздің жаңалығыңыз, сюжет, пост, баспасөз хабарламасы не сұхбатыңыз басқалар сияқты болып қалады.