Ақпаратты іріктеу және басымдықтар

Әлемнің жетекші газеті The New York Times жүз жылдан астам уақыттан бері «Жариялауға лайық жаңалықтың барлығы» ұстанымымен жұмыс істеп келеді. Алайда, жұмыс ауқымы – бүкіл әлем болса, ақпарат ағыны қарқынды артып, оқиғалар күрделі әрі шиеленісті бола түсіп, әлеуметтік желілер ақпараттың растығы жөнінен болмаса да, жылдамдығы жөнінен бәсекелестікті арттырып жатқанда, жариялауға лайық нәрсені қалай таңдауға болады? 

Әрине, көп нәрсе ақпарат құралының өзіне және жанрдық ерекшеліктеріне байланысты: сөйлейтін радио мен апталық газет халықаралық оқиғаларға түрліше қарайтыны түсінікті. Коммерциялық жаңалықтар сайтының редакторы бір нәрсеге басымдық берсе, ұлттық телеарнаның редакциясы оған басқаша қарайтыны түсінікті. Таңғы газетке қарағанда, ақпарат агенттіктерінің таспасындағы аудитория көбірек қамтылады, алайда газет недәуір маңызды деген тақырыптарды іріктеп таңдап алады. 

Әйтсе де, жалпы журналистиканың өзінің жаңалықтар іріктеуде ортақ принциптері бар болғаны сияқты, халықаралық журналистиканың да (қосымша) принциптері бар. 

Не нәрсе маңызды болып көрінетіні ең алдымен өз елінің қоғамдық-саяси құрылысына, тарихына және мәдени дәстүріне байланысты. Мысалы, Грекиядағы еуро дағдарысын Швейцария БАҚ-қа қарағанда, Бавария БАҚ толығырақ жариялады: бұлар қатар жатқан елдер болғанымен, Германия Еуроодақ пен еуроаймақтың мүшесі болуы ортақ валютаның тұрақтылығына қатысты тіпті екінші кезектегі жаңалықтарға да сұранысты арттырады. 

Жаңалықтарды іріктеу шарттары география мен геосаясат ерекшеліктеріне де байланысты. Көбінесе маңыздылық жаңашылдық пен географиялық жақындыққа тура пропорционал. Көбінесе алыстағы елдерге қарағанда көрші елдерде не болып жатқаны қызығырақ. Алайда, алдыңғы қатарлы елдер қашықтығына қарамастан, өзгелеріне қарағанда көбірек айтылады. 

Мысалы, Бельгия ішінде голланд тілінде сөйлейтін Фландрия БАҚ француз тілінде сөйлейтін Валлонияның саясатына аса қызықпайды, есесіне, Вашингтонда болып жатқанның бәрін бүге-шігесіне дейін қадағалап отырады.  Көрші елде үсіп өлген бірнеше адам Ауғанстанда қар көшкіні астында қалған жүз елу адамға қарағанда көбірек қызығушылық тудырады. Алыстағы Жаңа Зеландияда алғаш рет премьер-министр болып әйел адам тағайындалуы жаңалық болады, ал одан кейінгі үкіметтегі ауыс-түйістер тіпті назарға ілінбей де қалуы мүмкін.  

Қабылданған (кейде бейсана түрде) нормаларға қайшы келетін оқиғалар географиялық қашықтықтан да маңыздырақ болып жатады. Көрші елде құрылыс краны құлап, бірнеше адам мерт болғаны жаңалыққа айналмауы мүмкін, алайда, мұндай жағдайлар сирек болатын, айталық, реттілігімен таңғалдыратын Берлинде болса – атаусыз қалмайды. Тіпті, Нью-Йорктағы Times Square алаңында болайын деп болмай қалған теракт бірнеше күн жаңалықтардан көрсетіледі, ал Нигерияда екі кішкентай жанкешті қыз өздерін жарып жіберіп, бірнеше адамды ілестіре кеткен нағыз теракт тіпті елеусіз қалады.  

Жақсы БАҚ өзгелерінен жаңалықтар іріктеудегі тағы бір фактор – жүйелілік немесе бірізділігімен ерекшеленеді. Аса даулы сот процесі басталып, ол айыптау емес, ақтап алу үкімімен аяқталса – бұл жаңалықтар ағынында көріне ме? Фукусимада атом электр станциясындағы апаттан кейін дабыл қақпаған БАҚ бірнеше жылдан кейін, радиацияның салдары көріне бастаған кезде осы тақырыпқа қайта айналып соға ма? 

Жаңалықтарды іріктеу кезінде, сондай-ақ, өмір саналуан екенін және саясат, экономика мен төтенше оқиғалармен шектелмейтінін де есте ұстау керек. Кометаның үстіне қонған зонд, ұлы композитордың бұған дейін қойылмаған операсының премьерасы, не болмаса, көйлектің қара-көк не ақ-сары екені туралы пікірталас – шетелден келетін «кәдімгі» маңызды жаңалықтарды ығыстырып шығара алады.  

Ақыр аяғында, «шұғыл жаңалықтар» өзі қалай көрінетіні де редакция саясатына байланысты: ақпарат агенттігі Бангкок орталығында жарылыс болғаны туралы «найзағайды» таспасына қоя ма, жоқ, алғашқы ресми растау ақпаратын күтіп отыра ма? Токио биржасында өткен саудалаудың алғашқы минутында акциялар курсы құлап кетсе, оны радиодағы бірінші жаңалықтар шығарылымында айту керек пе, әлде тенденцияны тұтас хабарлау үшін өзге биржалардың ашылуы мен жабылуын күткен дұрыс па? 

Әйтсе де, жалпы жаңалықтарды іріктеу, оның ішінде халықаралық жаңалықтарды іріктеу – ғылымнан гөрі өнерге жақын. Аталған шарттар мен сипаттар – алда қолдану үшін берілетін ұсыныс емес, журналистік шешімдердің ақырғы сараптамасы. Айтқандай, шарттардың өзі көбінесее саяси пікірталас нысанына айналып келеді. Мысалы, тіпті АҚШ Президентінің өзі «БАҚ бір терактілер туралы ақпарат таратылады, енді біреулеріне тіпті назар аударылмайды» деп кінәлайды.  

Оқиға аз болатын күндері басты жаңалық болып көрінуі мүмкін нәрсе, келесі бір, анда да, мында да түрлі оқиғалар болып жатқан күні редактордың назарына ілінбей қалуы мүмкін. Бір де бір жақсы редактор көз алдына мына шарттар тізімін  іліп қойып отырып жаңалық іріктемейді. Оның тәжірибесі, машықтары, көп оқығандығы мен дүниеге деген сыни көзқарасы осы арада және көбінесе лезде күшіне енеді.