Ақпарат көздерімен жұмыс

Халықаралық журналист өзге әріптестеріне қарағанда өзі тексеруден қиналатын ақпаратқа көбірек тәуелді. Сондықтан, аудиториясына хабарлайтынының шынайылығы мен растығы ол басшылыққа алатын ақпарат көздеріне байланысты. Көбінесе олар екінші кезектегі ақпарат көздері болып шығады. 

Бір қызығы – ақпарат көздерінің саны мен ақпаратты жеткізу тәсілдерінің түрлері жыл санап артып келе жатқанымен, негізгі ақпарат көздері ондаған жылдар бойы өзгермей келеді және олар үшеу – үш түрлі көзқарас аясын және үш журналистік мектептің өкілі болып отырған ағылшынның Reuters, америкалық Associated Press және француздардың Agence France-presse (AFP) ақпарат агенттіктері.

Көптеген бұқаралық ақпарат құралдарындағы алдыңғы қатарлы әлемдік газеттердің порталдарынан бастап, аудандық радиостанцияларға дейін – халықаралық мазмұнның көп бөлігі түптеп келгенде осы үш агенттік хабарлайтын ақпаратқа сүйенеді. Үш агенттіктің таспасының стилі де, мазмұны да бір-бірінен ерекшеленеді – тіпті кейде олар хабарлайтын сандар мен фактілерде де айырмашылық бар, сондықтан бұлар бір-бірін қайталайтын емес, толықтыратын ақпарат көздері болып саналады. Үш агенттік те шұғыл ақпаратқа баса назар аударылатын Twitter желісінде бар. Сондай-ақ, олардың жаңалықтарын iPhone және Android жүйелеріне арналған мобайл қосымшаларда ашық оқуға болады.

Лондон, Париж және Нью-Йоркте отырған редакторлар іріктеп ұсынатын жаңалықтарға сүйену, дүниеге олардың көзқарасымен қарау және қателерін қайталау қауіпті. Алайда, бұл – әлемдік, коммерциялық кәсіпорындар, демек – қайда отырғаны мен қандай көзқарас ұстанатынына қарамастан, жазылушыларынан айырылып қалмау үшін ақпаратын барынша салмақтап, объектив түрде ұсыну олар үшін де маңызды. Оның үстіне, кез келген елдегі оқиғаларды олар біркелкі стандарттарды ұстана отырып хабарлайды. 

Әрине, бұл үш ақпарат көзі – бастама ғана. Дүниені тіреп тұрған осы «үш киттің» айналасында «екінші санатты» ақпарат агенттіктері жүйесі бар. Олар да «әлемдік» деген атқа таласы бар, алайда, іскерлік ақпарат тарататын Bloomberg пен Dow Jones сияқты арнайы маманданған немесе қытайдың Синьхуа, немістің dpa, Ресейдің ТАСС және РИА, жапонның Киода Цусин, испанның ЕҒЕ агенттіктері сияқты әлемді тек бір мемлекеттің немесе мәдениеттің көзқарасы тұрғысынан көрсетеді. Бұлардың сізге қажет тақырыптар бойынша хабарламалары веб-сайттарында жарияланбаған болса да, Google News және Yahoo News сынды жаңалық агрегаторларының сайттарынан таба аласыз. 

Бұдан басқасының бәрі халықаралық журналистің шеберлігіне және материалды даярлауға жұмсай алатын уақытына байланысты. Интернеттегі ресурстарда шек жоқ, әйтсе де, салқынқандылық танытып, ақпаратты қайта-қайта тексеріп, бүкіл әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдарының тенденция қалыптастырып, әлдекімге жақтас болуы ереже емес, одан ауытқу екенін ескере білу керек. 

Екінші деңгейдегі ақпарат көздерінің мүддесіне де сын тұрғысынан қарау керек: коммерциялық БАҚ табысты көздейді, мемлекеттік БАҚ ресми көзқарасты ұстанады, ал қоғамдық бұқаралық ақпарат құралдары сапалы жұмыс істеуге ресурс тапшылығынан зардап шегеді, ал үкіметтік емес БАҚ насихат идеяларын тықпалайды. Кез келген журналист екі шоқып бір қарауы керек, алайда халықаралық журналист түрлі елдермен, мәдениеттермен және нарықтармен істес болады, ал өз еліндегі ақпарат көздерімен жүмыс істеп отырып, өзге елдердің ақпарат көздері кімнің мүддесін көздейтінін жазбай тану қиынырақ.  

Әлеуметтік желілердің ақпарат көзі ретіндегі қызметіне де арнайы тоқтала кеткен жөн. Әлеуметтік желілердегі кейбір бастамалар тіпті революцияға ұласып жататынын байқамау мүмкін болмай барады. Алайда, әлеуметтік желіні тексеру, тіпті тұтас қарап шығудың өзі мүмкін емес. Уақыт болса, кәсіби журналистер ақпараттың растығын тексеру үшін жасап қойған бірнеше платформаны қолдануға болады, алайда бұл жағдайда да платформалардың бәрінің жұмыс стилі де, мүддесі мен мақсаттары да әр алуан екенін ескерген дұрыс. 

Тұтастай алғанда, жалпы журналистикаға ортақ мына ережені ұстанған дұрыс: шынайы екеніне жауап бере алмайтын жаңалықты жарияламасаңыз, оны аудитория білмей де қалады, ал жалған нәрсені жариялап жіберсеңіз – ұзақ уақыт ұмытпайды. 

Ал әлеуметтік желілер арасында халықаралық журналист қолданатынқұралдардың үздігі – Twitter болып қала бермек. Халықаралық сахнадағы негізгі ойыншылардың барлығы ресми ұстанымын сол жерде білдіреді; оның үстіне көбі дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын айналып өтіп, «саққұлақ иттердің» сүзгісінсіз қарым-қатынас жасағысы келетінін мойындайды. 

Кейбір журналистер ақпараттық шу мен пікірлер ағынына шыдамай Twitter-ден кетіп жатыр, алайда таспаңызды ақырындап реттеп алуға да болады. Түрлі елдер, аймақтар және халықаралық саясаттың түрлі салаларындағы үздік сарапшылардың аккаунттарына жазылып қойып, реал уақыт режимінде сүзгіден өткен сараптама мен сізге қызық тақырыптар бойынша басты мақалаларға кәсіби жетекшілер беретін сілтемелерге ие болып отыруға болады.