Халықаралық жаңалықтарды қалай жазу керек?

Аудитория үшін алыстағы оқиғалар ағыны арасынан халықаралық журналист маңыздысын не қызығын таңдап алуы керек. Жұрттың көбі әлемде не болып жатқанын әлеуметтік желілер арқылы өз бетімен біліп отырса да, халықаралық журналистика – тілші-жетекшінің рөлі аса үлкен сала болып қала бермек.  

«Үйіндегі» оқиғалармен жұмыс істейтін журналист ең алдымен оларды нақты сипаттай білуі керек; аудиторияның тәжірибесі мен контентті түсінуі оның не үшін маңызды екенін, ол бұрыннан таныс шынайылыққа қаншалықты сыйымды екенін түсінуге жетеді. Ал халықаралық журналистер бұдан бөлек, көбінесе аудитория үшін не маңызды екенін анықтап, әлемде болып жатқан оқиғалардың қайсысы оқырманның өміріне көбірек әсер ететінін айтып беру жөніндегі жауапкершілікті өз мойнына алуға тиіс. 

Халықаралық журналистің жауапкершілігі аудиторияға бұл жаңалық неліктен маңызды екенін тікелей немесе жанама жолмен түсіндіру міндетімен тікелей байланысты. Картоп бағасы қымбаттағаны туралы мақала газетте неліктен жарияланғанын оқырман өзі-ақ түсінеді деуге болар, ал Қытай Президенті АҚШ басшылығын Оңтүстік Корей теңізіндегі қадамдардан сақтандырғаны туралы жазбадан осы мәселе оны неліктен толғандыруы керек екенін түсіндіріп беру керек.  

Яғни, «үйдегі» журналистикада журналист тақырыпты бүге-шігесіне дейін ашудан сақ болып, аудиторияның таным-түйсігіне қалдырғаны абзал. Алайда, халықаралық журналистикада мұндай шешімтал қорытындысыз жаңалық аудиторияның басым бөлігі үшін мағынасыз болып қалады. Түсіндіру мен өз көзқарасын таңу арасындағы шектен шығып кетпеу қиын. Бұл міндетті тіпті алдыңғы қатарлы әлемдік БАҚ қинала атқарып келеді. 

Түсіндірме қаншалықты егжей-тегжейлі болуы керек екені, әрине, БАҚ аудиториясына және тақырыптың танымалдығына байланысты. Алайда, әрбір халықаралық журналист өзі үшін мына теңдеуді шешіп алуы керек: кез келген маңызды халықаралық оқиға кез келген үйдегі оқиғаға қарағанда күрделірек, ал оны баяндау үшін үйдегі оқиғаны баяндауға қолданылатын тілге қарағанда қарапайымдау, сөйте тұра, болып жатқан оқиғаның күрделі екенін түсінуге бөгет болмайтын тілді қолданған жөн. 

Қазіргі заманғы оқиғаларды жариялау маманданумен немесе оның жоқ болуымен байланысты. Үлкен жаңалық ұйымдарында журналистер аймақтар, елдер және тақырыптар бойынша маманданады, оның үстіне редакциядағы редакторлар мен жер-жердегі тілшілер арасындағы еңбек бөлінісі де бар. Алайда, әлемде бір ел немесе аймақпен шектеліп қана қоятын оқиға мен тенденция азайған үстіне азайып барады, сондықтан кез келген халықаралық журналистің дүниетанымы барынша кең болуы керек. 

Айталық, жоғалып кеткен МН370 ұшағының қанаты Реюньон аралында табылғаны жөніндегі қысқа ғана хабарламаның өзінде қанаттың қалай табылғаны баяндалып қана қоймай, ұшақтың иесі Малайзияның, ұшақтағы жолаушылардың басым бөлігі қытайлар болғандықтан, Қытайдың, мұхит ағыстары арасындағы іздеу амалдарын жүргізген Австралияның, сараптама жүргізілетін Францияның және ұшақты өндіруші орналасқан АҚШ пікірін де қоса беру керек. 

Бұл тізбектегі кез келген журналист – жергілікті тілшіден бас редакторға дейін – осы оқиғада бастан-аяқ не болып жатқанын біліп отыруға тиіс. 

Қарапайым, бірақ, қарабайырламай қалай түсіндірсе болады? Үйіндегі оқиғаларды шыншыл баяндап жүрген журналистер мұндай қиындықпен сирек кездеседі: олар аудиторияға таныс дүниелерді айтады. Алайда, екі минуттық ТВ репортажда Оңтүстік Судандағы президентпен вице-президент арасындағы азаматтық соғыс туралы айтып беру керек болса, халықаралық журналист жағдайды екі тараптан да бірер ауыз сөзбен сипаттап беру керек, демек, сөздер қысқа да нұсқа, жауласудың түп-негізін түсіндіре алатындай, сөйте тұра, «жақсы», «жаман», «құтқарушы» және «сатқын» деген атақ таңбайтындай болуға тиіс. 

Айналып келгенде, халықаралық журналистиканың болмысы – қызықты оқиғаларды жариялау болса, жақсы репортер оны аудиторияға жеткізе алады.