Журналистік материалды визуалдау және контентті ретке келтіру

Журналистік материалды визуалдау және контентті ретке келтіру әдетте бірнеше сатыда жүреді. 

Бірінші сатыда визуалдағыңыз келетін және визуалдауға келетін контентті немесе тақырыпты таңдаңыз. Мәтінмен емес, визуал құралдармен айтуды қажет ететін тақырыптар болады. Сондай-ақ, визуалдауға көнбейтін тақырыптар да болады. Бірден түрлі идеялар келетіні  түсінікті, толық визуал контент әзірлеуге де ниетіңіз болуы мүмкін. 

Бірақ, ең жақсы идея – мақсатты аудиторияңыздың қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескеру. Онлайн-ресурстардың барлығында мультимедиалық баяндар мен визуал контент жаппай назарға ілігіп, қызығушылық тудыра бермейді. Өкінішке қарай, кейде әйтеуір жасау үшін жасалатын визуал контент те болады. 

Екінші саты – ақпараттың құрылымын реттеу. Нені айтқыңыз келетінін анықтап алған соң, оның қай тұсын қалай визуалдап ұсынуға болатынын түсініңіз. Оқиғаның баяны ненің немесе кімнің айналасында құрылатынын сараптап алып, соның қайсын визуалдап беруге болатынын ойланып көріңіз. Кейде, бэкграундтың өзін ғана визуалдауға болады. 

Үшінші сатыда материалыңызды да, бүкіл мультимедиасын да қағазға салыңыз. Қағазға. Қаламмен. Бір бет қағазға материалдың экранда қалай көрінетінін суреттеп алған соң, оны мультимедиалық сервистерге көшіру оңайырақ болады. 

Ең соңында – материалыңызды экранға шығарыңыз. Қолданғыңыз келетін форматтың ең лайық деген құралдарын таңдаңыз. Айталық, карта жасағыңыз келсе Google Fusion немесе Storymap дұрыс бола ма? Таймлайн болса, TikiToki мен Timeline JS екеуінің қайсысы лайық? 

Сонда да, қандай форматты пайдалансаңыз да, қандай құралды қолдансаңыз да – инфографика болсын, фото, видео болсын – қызықты етіп, орнымен жасалмаса, жақсы идеяңыз дұрыс форматқа салынбай, лайық құрал қолданылмаса, одан ешқандай пайда жоқ екенін есте ұстаңыз.