Бір сөйлем қағидасы

Тозып кеткен су құбырларынан бастап, мүйізді ірі қара малдың санына дейінгі әлеуметтік мәселелерді шиеленіскен детектив, қызықты оқиға немесе әдемі төгілген эссе түрінде, сарыжағалдық пен аудиторияға көз қысуға ұрынбай-ақ беруге болады. 

Алдымен, сюжетіңіз не туралы, осы оқиғаны баяндай отырып әлемге не айтқыңыз келеді, соны түсініп алу керек. Репортаж, очерк, эссе, баған, телесюжет, кітап немесе фильм – кез келген туындының идеясы қорытылған күйде есімхаттың арғы бетіне сыйып кетуге тиіс. Ал жазғыңыз келген мақала мен түсіргіңіз келген сюжеттің идеясын бір сөйлеммен жеткізе алмасаңыз, материалыңыз не туралы екенін өзіңіз де түсінбейсіз деген сөз. Ендеше, ол материал шықпайды. 

Материалыңыздың басты идеясын анықтап алғаннан кейін жұмысқа кірісеміз. Ендігі жерде кейіпкеріміз кім екенін түсіне аламыз. Журналистік материалда ашылатын мәселе кімнің мүддесіне тікелей қатысты? Ол адам қандай әлеуметтік, гендерлік немесе басқа топқа жатады, жасы нешеде? Осы сұрақтарға жауап беріп болған соң кейіпкер іздейміз.