Өз тәжірибемнен

Кейіпкер табу, олардың әлеуметтік тақырыптарды ашудағы көмегі жөнінде өз тәжірибемнен мысалдар келтіре кетейін. 

АИТ шалдыққан адамдар туралы бізде мыңдаған мақала жазылып, өзекті репортаждар түсірілген. Әдетте, СПИД-ке қарсы күрес күнінде БАҚ статистикалық деректерді – биыл қанша адам ауырғанын, былтырғыға қарағанда көрсеткіш қаншаға артқанын, өкімет күреске қанша қаражат бөлгенін санамалай жөнеледі. Бұл сандардың артынан адам көрінбей қалады. Кімді айтып отырмыз? Қазақстандағы АИТ жұқтырғандар кімдер? Жай ғана статистикалық деректерді тізіп шыққаннан оқырманның жанашырлығын оятпақ тұрмақ, тақырыпқа деген қызығушылығын да тудыра алмайсыз. Қоғамның мәселеге деген қызығушылығын өлтіргіңіз келсе – жалпылама фактілер мен құрғақ сандарды жаңылтпаш сияқты судыратып айтып шығыңыз. Кейіпкер болады-ау деген адамдарды тапқанымда, оларға осыны айттым. Материал әзірлеудегі тағы бір қиын сәт – кейіпкерді сөйлеуге көндіру.