Көндіру

Мен АИТ жұқтырған адамдарды тауып, олардың өмір үшін күресін баяндап бергім келді. Алғашқы кейіпкермен кездескенге дейін-ақ, сау адамның өзіне өмір сүру қиын Қазақстанда «СПИД тасымалдаушы» атағын арқалап жүру өте ауыр екенін білетін едім. 

Бұл фоторепортажды кезінде аса танымал болған қазақстандық Voxpopuli.kz сайтына арнап әзірлегенмін. Кейіннен сол репортаж туралы сұрақтардың арасында ең көп қойылғаны – тіпті журналистерден емес – диагнозын жасырып өмір сүріп жүрген кейіпкерлерімді қалай тапқаным және сонша адамды камиң-аут жасауға бірден қалай көндіргенім жайында болды. 

Алғашқы сұрақтың жауабы оңай: кейіпкерлерімді жоғарыда айтылған жоспармен таптым. Ауруға шалдыққан адамдарды қайдан табуға болады? Оларға көмек көрсетілетін жерден. Бұл ретте ол орын – үкіметтік емес, коммерциялық емес ұйым, АИТ жұқтырған адамдардың басын қосып, оларға көмек көрсетіп, оқытып, қорғаумен айналысатын қауымдастық болды. Оны осы аурудан өзі зардап шегіп жүрген адам құрып, басқарған. Ол өзі де ашық түсірілімге, шынайы сұхбатқа келісті, қауымдастықтың өзге мүшелерін де жобаға қатысуға көндірді. Бәріміз өмір бойы жасырынып жүруге болмайды деген қорытындыға келдік. Сөйтіп, олар маған оқиғаларын айтып берді: жүрек сыздатар, ашық та шынайы, сөйте тұра үмітке толы адам тағдырлары кімге болса да сабақ болуға лайық. 

Voxpopuli сайтындағы қаралым саны, пікірлер, цитата мен ортаға салу санына сенсек, бұл репортаж дер кезінде жазылған. Онда статистика мен цифр мүлде жоқ, тек ресми органдардың есебінде аталатын адамдар ғана болды. Бұл – Қазақстандағы жазылмас аурудың азабымен алысып жүрген көп адамның жұрт көзіне алғаш көрінуі еді. Олар Қазақстанда иммунитет тапшылығы вирусын арқалап жүру қаншалықты қиын екенін, вирус жұқтырғанын алғаш білгенде қандай күйде болғанын айтып берді. 

Осы сайтқа арналған тағы бір репортажда фотограф Николай Судаков екеуміз хиджаб киген қыздар туралы айттық. Бұл да сол кезде жұрттың бәрі – қарапайым жұрттан президентке дейін (Елбасы «жастар хиджаб кимей, білім алып, мамандық меңгерсін» деген) сөз етіп жүрген адамдарды ірі планда көрсетіп, сөз берген Қазақстандағы алғашқы материал еді. Бұл 2011 жыл болатын, мәселе жұрт назарына іліккен кез, мектептер мен жоғары оқу орындарында оқтын-оқтын студенттер мен оқушылардың хиджабына қатысты шу шығып жататын, алайда, ол қыздардың өзін көрмейтінбіз. Олардан ешкім, айталық, неге бұлай киінуді қалағанын сұрап көрген емес. 

Кейіпкер іздеп тағы да үйреншікті жолмен жүрдім – олар көп жүретін жерлерге – медресе, мешіттерге, мұсылман киімін сататын жәрмеңкелерге бардым. Танысамын, кәсіби қызығушылығымды ашық айтамын, фотосессияға қатысып, сұхбат беруге қолқа саламын. Қыздардың келісімін алу оңай болған жоқ, алайда, журналист мамандығы сендіре, көндіре білуді талап етеді. Біреудің артынан аңдып, қорқытып, бопсалауға болмайды! Бар-жоғы адамша сөйлесіп, сеніміне кіріп, психотерапевтің рөліне ену керек. Кейіпкер болуға лайық деген адамға оның жобаға қатысуы неліктен маңызды екенін түсіндіре білу керек: «Сіз ештеңе айтқыңыз келмесе, сізді ешкім естімейді, ешкім түсінбейді – жұрт тек сізге қарсыларды ғана тыңдай береді! Бізге бір-бірімізді түсінуге ешкім көмектеспейді, мәселемізді өзімізден басқа ешкім шешіп бермейді!». Өзім осылай ойлағанмын, ойлаймын да, әрі адамдарды репортаждарымның кейіпкері және, айналып келгенде, авторларының біріне айналуға көндіру үшін осындай уәж айттым. 

«Люди со статусом» репортажынан, ондағы кейіпкерлердің айтқандарынан (мен автор ремаркасын қоспай, кейіпкерлердің өзін сөйлеттім) Қазақстандағы АИТ жұқтырған адамдар үшін тұрмыс және саясат тұрғысынан ең қиыны не екенін түсінуге болатын еді. Ол – надандық пен соқыр сенім. Сондай-ақ, вирус жұқтыру қаупі кімге төніп тұрғанын да көруге болатын: жұрт ойлағандай, ол ЛГБТ-қауымдастық өкілдері немесе ретсіз жыныстық қатынасқа түсе беретіндер емес, есірткіге тәуелділер мен олардың әйелдері екен. 

Ал «Кто ты, девушка в хиджабе» репортажы кейіпкерлерімнің – Қазақстан қоғамының түрлі қабатынан шыққан, бір-бірін мүлде танымайтын қыздардың хиджаб киюі Құранды тереңдей оқудан басталғанын көрсетті.