Ұлттық бірегейлік мәселелері немесе этносаралық қарым-қатынастарды жазуда нені ескеру керек?

Автор: Есенгүл Кәпқызы

«Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі, Сулейман Демирел атындағы университеттің «Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультеті» «Журналистика» бағдарламасының координаторы, филология ғылымдарының кандидаты

Баспасөздегі ең нәзік тақырыптардың бірі – ұлт және этносаралық қатынастар. Қазақстан баспасөзіндегі ұлт тақырыбын екі түрлі бағытта қарастыруға болады. Біріншісі – ұлттық бірегейлік, ұлт және этнос ұғымдарының тайталасы, екіншісі – тілдік лояльдылық. Өкініштісі сол, осы тақырыптарға қалам тербеу барысында біздің журналистеріміз көптеген этикалық және құқықтық қателіктерге бой алдырады. Бұл ретте журналистің негізгі міндеттері мен құқығы жайында болашақ мамандарға құлаққағыс ете кеткен жөн сияқты. 

Журналистің басты міндеті – ақпаратты тарату, ғадауат тілін (жаулық тілі) қолдану арқылы қоғамдағы түрлі топ өкілдерінің арасындағы қарым-қатынасты ушықтыру емес. Бір ұлтты бір ұлтқа айдап салу немесе түрлі әлеуметтік топтардың өзара жеккөрінішін туғызу емес, керісінше, толерантты қоғам құруға және өзара төзімділікке ықпал ету. Ксенофобияға жол бермеу.