Этикалық принциптер

Сонымен ұлтаралық немесе этносаралық қарым-қатынастарды жазуда ескеретін мәселелер не? Бұл тақырыпты жазу арқылы біз қандай этикалық кодекстерге жүгінгеніміз жөн? Бұл үшін әуелі әлемдегі ең беделді және оқырманы мол ақпарат құралдарының Этикалық кодекстеріне назар аударып көрелік. Дамыған елдерде медианың өзін-өзі реттеу мәселесі жолға қойылған. Әрбір ақпарат құралы өздері басшылыққа алатын принциптерін өздері жазады әрі сол қағидалардың салмағы кейде заңнан да асып түсіп жатады. Кейбір мемлекеттерде (мысалы, Швеция) сот орындары шығарған үкіммен келіспеген редакциялар беделді басылымдардың этикалық кодексіне жүгіне алады. Егер қоғамдық қорғаушылар мен адвокаттардан тұратын комиссия этикалық кодекстердің принциптерін жөн деп тапса, онда сот шешіміне мойынсұнбауы мүмкін. 

Британиялық ВВС корпорациясының өз қызметкерлеріне ұсынатын әдістемелік нұсқаулығында редакциялық басты принциптер ретінде: шынайы ақпарат, бейтараптық, объективтілік, заңды құрметтеу, өзгенің ықпалына ермеу, такт және жеделдікті атайды.  Дәл осы принциптердің ішінде такт дегеннің не екеніне арнайы тоқталып көрсек, жоғарыда көрсеткен сілтемеде такт сөзіне  «біз өз қызметімізде мәдени ерекшеліктерге, діни наным-сенімге және кейіпкерлердің жеке өміріне (егер де бұл ерекшеліктер біздің журналистік міндетімізге қайшы келмейтін болса) құрметпен қарауымыз керек. Біздің репортаждарымыздың тілі этникалық және өзге де азшылықтарды қорламауы және кемсітпеуі тиіс. Бірақ, дегенмен әдептілік сақтау дегенді, біз шындық деп түсінетін принциптерден бас тарту деп түсінбеген абзал» деген түсініктеме береді.

1954 жылы қабылданып, 1986 жылы Журналистер федерациясының халықаралық конгресінде өзгертулер мен түзетулер енгізілген «Журналистердің өзін-өзі ұстау принциптерінің халықаралық декларациясында» ВВС ұсынатын негізгі принциптер сақталады. Ондағы 8 принциптің 7-шісі: «Журналист БАҚ қызметі салдарынан адамды кемсітуі мүмкін дискриминацияның қаупін ескеруге міндетті.  Ол кемсітушіліктің алдын алуы және оған жол бермеуі тиіс. Әсіресе, нәсілдік, жыныстық, діни, саяси және басқа да көзқарастары үшін, ұлттық және әлеуметтік кемсітушілікке жол бермеу» дегенге арнайы тоқталса, 8-принципте: «Журналист плагиат, әдейі бұрмалап түсіндіру, ойдан құрастыру, жала жабу, диффамация, өтірік қаралау, ақпаратты жариялау үшін немесе оны қоғамнан жасырып қалу үшін пара алудың кәсіби этикаға мүлдем қайшы екенін білуі тиіс» делінеді.

«Гардиан» газетінің редакциялық кодексінде  нәсілдік мәселелер туралы арнайы бап енгізілген. Онда «жалпы ереже бойынша, қандай жағдай болса да, егер бұның әңгімелеп отырған мәселеге қатысы болмаса, адамның нәсілдік және этникалық тегі жайында ақпарат таратпаймыз. Біз қылмысқа қатысы бар деген күдіктінің нәсілін, егер оның этникалық тегі оның кім екендігін айқындау үшін немесе мәселенің маңызды бөлігі болған жағдайда ғана (егер қылмыс нәсілдік жеккөрушілік салдарынан жасалған болса) айтатын боламыз» дей отырып, өздерінің негізгі принциптерін «Баспасөзге шағым жөніндегі этикалық кодекске» сүйеніп жасағандарын айтады. Оның «Дискриминация» деп аталатын 13-тарауында былай делінеді: «1) басылым – адамдардың нәсіліне, діни наным-сеніміне, жынысына немесе оның физикалық, психикалық және мүгедектігіне қатысты кемсітушілікке және біржақты пікір айтуға жол бермеуі тиіс. 2) онда нәсіліне, діни наным-сеніміне, жынысына, физикалық немесе психикалық ауруына немесе мүгедектігіне қатысты әңгімелерді, егер оның мәселеге тікелей қатысы болмаса, басудан аулақ болуы тиіс». 

Бұл негізінен өзге де беделді ақпарат құралдары ұстанатын басты принциптер. 2014 жылы Қазақстан Журналистер одағы қабылдаған «Қазақстан Журналистер одағының кәсіби этикасы» жалған ақпарат таратпау, ақпараттың шынайылығын тексеру және объективтілік секілді принциптерді басшылыққа алады. Алайда, онда айтылмаған ұлттық, нәсілдік мәселелер жайында ҚР Конституциясында және журналистік қызметті реттейтін заңдарда айқын жазылған.