Ұлттық тақырыптарды жазудың құқықтық аспектілері

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстан журналистерінің кәсіби этикасында нәсілдік, ұлттық, этникалық және рулық проблемалар жайында арнайы айтылмаса да,  Қазақстан заңнамаларында бұған қатысты арнайы баптар бар.  Қазақстан Республикасының негізгі заңы – Конституцияның 14-бабының 2-тармағы бойынша, «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды».

Конституцияның  осы талабы кейіннен Қылмыстық Кодексте көрініс табады. Оның 1997 жылдан 2014 жылға дейін қолданыста болған мәтінінің 164-бабында: «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік және діни алауыздықты тудыруға болмайды. Ұлттық намысты, діни сезімді әдейі қорлауға бағытталған, азаматтарды дініне, ұлтына, нәсілі мен руына қатысты артықшылығы мен кемшіліктерін асыра үгіттеу 2-7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді», – делінген. Қылмыстық Кодекстің 2014 жылғы жаңа редакциясында  бұл 174-бапқа көшірілді және бұрынғы мәтінге таптық дәрежесіне қарай кемсіту (сословие)  деген жаңа сөз тіркесі қосылды. 

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, АҚШ-та сөз бостандығының пайдасына төзімділік (толеранттылық) таныту және түзету енгізу тәжірибесі болса, Еуропада – төзімділік,  Францияда – әуелі айыппұл салу, егер екінші рет қайталанған жағдайда қылмыстық жазаға тарту көзделген. 

Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабы бойынша: «Республиканың Конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді». Дәл осы бап Қылмыстық Кодекстің 180-бабында қайтада көрініс тапқан. Онда:  «Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға үгіттеу және ашық түрде шақыру, бұл әрекетті БАҚ және әлеуметтік желіні пайдалану арқылы жүзеге асыруға 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығын айыру көзделген» делінген. Қазақстан тарихында дәл осы баппен іс қозғалып, айыпты деп табылған адамның 5,5 жылға бас бостандығынан айырылған дерегі бар.