Этносаралық проблемалар және оның ақпарат құралдарында көрініс табуы

Соңғы ширек ғасыр ішінде Қазақстан бүкіл әлемге елдегі түрлі этностардың бейбіт әрі татулықта тірлік жасап жатқанымен әйгілі болып отыр. Десе де, соған қарамастан, ішінара кейбір этносаралық қақтығыстардың кездесіп қалатыны жасырын емес. Бұл оқиғалар былайғы жұртқа БАҚ арқылы таралып отырғаны айқын. Мәселен, 1991–2016 жыл аралығында 12 рет үлкенді-кішілі этносаралық (егер оны этносаралық деп айтуға болатын болса) шиеленіс болған. 

Жылы ОқиғаҚайда?
1991Орал қазақтары мен   казактар арасындаБатыс Қазақстан облысы
1992Қазақтар мен шешендерӨскемен, Шығыс Қазақстан облысы
2006Қазақтар мен ұйғырларШелек, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы
2006Қазақтар мен түріктер (жұмысшылар)Атырау облысы 
2006Қазақтар мен шешендер/ әзербайжандарАқтау, Маңғыстау облысы
2007Қазақтар мен шешендерАлматы облысы, Маловодное,   Қазатом ауылдары 
2007Қазақтар мен күрдтерОңтүстік Қазақстан облысы, Маятас ауылы 
2012Қазақтар мен қытайлар (жұмысшылар)Атырау облысы 
2013Қазақтар мен шешендерАлматы облысы, Шеңгелді 
2014Қазақтар мен өзбектерОңтүстік Қазақстан облысы, Қарамұрт ауылы
2015Қазақтар мен тәжіктерОңтүстік Қазақстан облысы, Бостандық,   Ынтымақ ауылдары
2016Қазақтар мен түріктер Жамбыл облысы, Бурыл ауылы 

Жоғарыдағы принциптерге бағынар болсақ, бұл кикілжіңдердің алғашқы мақсаты ұлтқа немесе этносқа деген жеккөрушіліктен туындаған кикілжің бе, жоқ тұрмыстық қақтығыс па? Тізімге көз салар болсаңыз, аталған қақтығыстардың тек екеуі ғана – 2006 жылғы Атыраудағы қазақтар мен түріктер арасындағы кикілжің мен 2012 жылғы тағы да Атырау облысындағы қазақтар мен қытайлар арасындағы кикілжің ғана шетелдік жұмысшылардың араласуымен жүзеге асып отыр. Қалған жағдайларда оқиға бір мемлекет тұрғындарының арасында туындаған. Демек, осы аталған екі оқиға екі ұлттың бір-біріне деген жеккөрушілігі салдарынан туындауы мүмкін. Дәл осы оқиғаларда ұлт өкілдерінің аты аталып, түсі түстелсе, ол этикаға да, заңға да қайшы келмесі анық. Ал басқа жағдаяттарда негізінен бұл оқиғаларға этностық сипат, ұлтаралық қарым-қатынас астарын бермеу қажет болатын. Өкінішке қарай, жоғарыда аталған оқиғалардың барлығына ресми билік тарапынан «тұрмыстық кикілжің» деген саяси баға берілгенімен, баспасөзде ұлтаралық кикілжің ретінде астын сызып көрсету басымдыққа ие болды. Бұл кикілжіңдер туралы қазақтілді басылымда жүзден астам мақала жарияланған. 

Осы мақалаларда кездескен басты қателіктерді санамаласақ, біріншіден, журналистер ақпаратты тексеруді қажет деп таппайды. Кейде бұның соңы ұлтараздығына ұласатын жағдайлар да кездесіп жатады. Мәселен, алысқа бармай-ақ, жақында ғана Польшадағы Қазақстан елшісі Алтай Әбибуллаевтың жұмысынан босауы туралы қауесетті таратқан www.skif.kz тек «ұзынқұлақтан» естіген жаңалықтарын ғана бөлісуді жөн санаған. 

Кейіннен Алтай Әбибуллаев өзі туралы қауесет таратқандарға ескерту жасап, жалған ақпарат таратудың соңы жақсылыққа апармайтынын айтады. Көбіне-көп ақпараттар ресми емес дерек көздерінен, әлеуметтік желілерден алынады. Журналист ол ақпаратты қорытуды қажет деп санамайды, бірден жариялауға асығады. Мәселен, келесі сілтемедегі видеодан фейсбуктен тексерілмей алынған ақпараттың салдарынан мұсылмандарға деген жеккөрініштің қаншалықты өскендігі жайлы мысалды көруіңізге болады. 

Видеода Швецияда мұсылмандардың ашуын тудырмас үшін  Рождество шамдарына тыйым салынатыны туралы ақпарат таратылғаны айтылады. Ақпарат екі адамның қолына түскен. Оның бірі ақпаратты тексеруді қажет деп таппайды. Бірден жариялауға көшеді. Екіншісі ақпаратты тексеруге кіріседі. Ақпаратты тексермей таратқан аккаунттың жазбасын оқып, мұсылмандардың кесірінен Христмас шыршаларын безендіре алмайтын болғандықтан, мұсылмандарға деген жеккөрушілік өршиді. Оған 43 мың адам реакция танытып, өз пікірлерін қалдырып үлгерген. Ақпараттың шынайылығын тексерген екінші адам ондай Қаулының болмағанын және ешқандай ақпарат таратылмағанын көреді. Әрі оны әрі қарай таратпауды жөн деп табады. 

Ендеше ақпаратты тексеру үшін не жасауға болады? Төмендегі видеода ВВС журналистері ақпаратты тексеру жолдары жайлы тәжірибелерімен бөліседі. 

Бұл ретте ВВС журналистері әлеуметтік желіде пайда болған ақпараттардың, фотосуреттердің, видеолардың шынайылығын тексеруге қатысты өз ұсыныстарын айтады. Мәселен, ВВС телерадиокорпорациясының пайдаланушылар тарапынан жүктелген контент қызметінің журналисі Алекс Маррей 2008 жылы Costa Concordia кемесі туралы ақпарат алғанын айтады. Жаңа Зеландия маңайында дауылға ұрынған кеменің бейнебаянын әлеуметтік желіде көргенде ондағы ақпараттың шындыққа сәйкес емес екенін, оған дейін өзге куәгерлерден алған ақпараттармен мүлдем сәйкес болмағанын байқайды. Сөйтіп, басқа ақпараттармен салыстыра отырып, оның жалған екенін анықтаған. Демек, ол жаңалықтың шынайылығын тексеру үшін, оны таратқан адамнан оқиғаның қайда, қашан, қалай және не болғаны сұралады. Осы қызмет журналисі Сильвия Костело ақпаратты таратушының шынайы куәгер немесе жалған өсек таратушы екенін айқындау маңызды екендігін айтады. «Сондай-ақ, суреттердің шындыққа жанасымды екенін тексеру үшін оның мета мәліметтері арқылы бұл суреттегі көріністер оқиға болған жердегімен үйлесе ме, жоқ па, оны Google карта арқылы тексеруге болады. Ақпаратты жолдаушыдан оның оқиға орнында тұрған тұрмағанын тексеру үшін, ауа райын сұрау керек. Егер оның мәліметі мен интернеттегі ауа райы туралы мәлімет сәйкес келмесе, ақпаратты таратушыдан күдіктену қажет. Екіншіден, ол тұрған жердің көше атауларын, көрікті жерлерін, ескерткіштерін санамалап сұрап шығу қажет» деген ақыл-кеңес береді. 


Екіншіден, журналистердің келесі қателігі – оқиғаға объективті баға бере алмауында.  Бұған дейінгі елдегі этносаралық проблемалардың тек біржақты сипатталып келгені мәлім. Мәселен, Шелек пен Малыбай ауылдарындағы қазақ және ұйғыр жастары арасындағы кикілжің туралы қазақтілді ақпарат құралдарында аса мол мақала жарияланды. Мақалалардың басым көпшілігі ұлтараздығын қоздыруға бағытталғанын қойылған тақырыптарынан-ақ байқауға болады. Мәселен, «Свобода слова» газеті «Мемлекет – сендердікі, жер – біздікі» деген айдармен мәлімет берсе, «Жас қазақ» газеті бұл оқиғаға орай ұйғыр жастарын «фашист» деп айыптайды. Ал, «Қазақстан-Zaman» газетінде «Ұйғырлар қазақтардан кешірім сұрады» деген мақала жарияланады, онда ұйғыр тілінде білім беретін мектептер сепаратизмнің бастауы ретінде сипатталады. «Тасжарған» газетінде «Екі ұйғыр бір қазақты неге өлтірді?», «Малыбайдағы қазақтар бейшаралығына күйінеді» деген мақалаларда мақала авторы бірыңғай оқиғаға ұйғырларды кінәлі ретінде көрсетеді. Мақала тек автордың жеке пікірімен осы ауылда «ұйғырлар қолынан мерт болды» дейтін Айдын Халықовтың туыстарының оқиға туралы ой-пікірімен ғана өрбиді. Оқиғаға қатысушы екінші тараптың, мақаланың басынан аяғына дейін кінәлап отырған ұйғыр этносы өкілдерінің пікірі ескерілмейді. Мақалада ұйғырларды сепаратистер ретінде сипаттағанымен, ол әңгімесіне дәлел боларлықтай ешқандай дәлел ұсынылмайды. 

Демек, оқиғаға объективті баға беру үрдісі байқалмайды. Батыс журналистикасында ұлтаралық кикілжіңді жазатын журналистер сол ұлттың өкілі болмауы тиіс, егер алда-жалда сол ұлттың өкілі болатын болса, қай ұлттан екенін ұмыта тұрғаны абзал делінеді. Бірақ, өкінішке қарай, біздің жағдайда ол мүмкін емес. Сол себепті де объективті ақпарат таратуға ұмтылу қажет. Пікірлер балансы міндетті түрде сақталғаны абзал. 

Сізге ұсынылып отырған мына сілтемеде объективтілік пен субъективтіліктің өзара айырмашылығы ұсынылып отыр. Онда объективтілік дегеніміз: a) бейтарап пікір; b) объективті факт және математикалық есептеулер арқылы дәлелденуі тиіс; c) объективті рационалды шешімдер қабылдау кезінде пайдалы болмақ; d) объективті тұжырымдарға қол жеткізу оңай емес. Ол терең зерттеудің нәтижесі; e) объективтілік шындықты айтады.

Субьективтілік дегеніміз: a) жазушы немесе пікір айтушының көзқарасы арқылы беріледі; b) субьективтілік логикалық тұрғыдан тестілеуге келмейді; c)  cубъективтілік қолмен ұстап, көзбен көрер ештеңе болмаған кезде қолданылады; d) субъективті тұжырымдар көркем бейнелеу үшін қолданылады; e) оқиғаға қатысты өз көзқарасын, пікірін білдіреді.  

Яғни, журналистер объективті пікір білдіру үшін оқиғаға қатысушы тараптардың барлығының пікіріне, сүйене отырып тұжырым жасауы тиіс. Кез келген сәтте бейтарап болуға тырысқан абзал. 

Пайдалы дереккөз: 

Үшіншіден, журналистер оқиғаның бір елдің тұрғындары арасында болып жатқан кикілжің екеніне қарамастан, оқиғаға қатысушының этникалық тегін тектеп, түсін түстеп жатады. Мәселен, 2007 жылғы Маятастағы күрдтер мен қазақтар арасындағы кикілжіңнің де ұлтаралық сипат алуына ақпарат құралдарындағы мақалалар ықпал еткен. Соның салдарынан Маятастағы күрдтердің 90 пайызы туған ауылын тастап шығуға мәжбүр болған. Біз көрсетіп отырған оқиғалардың барлығына да ресми билік тарапынан «тұрмыстық кикілжің» деген саяси баға берілгенімен, баспасөзде ұлтаралық кикілжің ретінде астын сызып көрсету басымдыққа ие болды.

Дәл осындай оқиға 2015 жылдың ақпан айында Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық және Ынтымақ ауылдарында, 2016 жылдың ақпан айында Жамбыл облысының Бурыл ауылында болды. Аталған оқиғалардың барлығы да 2007 жылғы Маятастағы оқиғамен үндес. Арада 8-9 жыл өтсе де, елдегі ұлттық саясаттың да, БАҚ-тың кәсіби деңгейінің өзгермегені байқалады. Біріншіден, құқық қорғау органдарының баспасөз қызметтері тарататын мәліметтерде қылмыскердің аты-жөні ғана айтылмайды, сонымен қоса, оның қай ұлт өкілі екені көрсетіледі. Бұл ретте, Қазақстан ұлттық бірегейлену жолына қадам басудың орнына, елдегі этнос өкілдерін этникалық тәуелділігіне орай атау арқылы жікке бөлуін тоқтатар емес. Ендеше, ақпаратты таратушы медиа өкілінің негізгі ұстанған бағыты қандай болуы керек? Құқық қорғау органдарының ақпаратындағы ұлттық жікшілдікке бастайтын мәліметке сәл түзету енгізіп, «Қ деген азамат Б деген азаматты зорлады» деген ақпар таратқанда, екі этнос арасындағы кикілжіңдер бүгінгідей тым тереңдеп кетпесі анық. Осы орайда журналистің ақпаратты беруде факті мен пікірді ажырата білуі аса маңызды. Егер журналист «Маятас ауылының А деген бүлдіршінін Б деген жасөспірімді зорлады» десе, бұл тек қана факт. Егер: «Маятас ауылының 4 жасар А деген қазақ баласын Б деген 16 жасар күрд жасөспірімі аяусыз зорлаған екен. Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері қазақтарды басынуды қашан қояды?» – десе, бұл пікірге айналады. Журналист ақпаратты таратып қана отырған жоқ, сонымен қатар, өзінің оқиғаға деген көзқарасын да білдіріп отыр. Алайда, журналистің жеке пікірі қылмыс жасаған адамның жеке басына ғана емес, жалпы елдегі өзге ұлт өкілдеріне қатысты айшықталды. 

Жалпы кез келген оқиғаға бүкіл-бүтін этносты кінәлау қаншалықты орынды? Қылмыстың аты – қылмыс. Қылмыскердің ұлты да, жынысы да болмайды. Біз жауыздықты, қылмысты, аярлықтың қандай түрін де ақтап алмауымыз керек. Оны кім жасаса да, мәселе оның қай ұлт өкілінен екендігінде емес, мәселе оның қылмыскер екендігінде. Осы ретте біз, БАҚ өкілдері, оқиғаның тереңдеуіне, оның этностық сипат алуына ықпал етіп отырмыз. Мәселен, www.lenta.ru сайтындағы «Джамбул освобожденный. Почему в Казахстане отрицают межэтнические конфликты?» атты мақалада Қазақстан билігінің елде этносаралық шиеленістердің бар екендігін мойындамай отырғаны айтылады. «Как всегда в подобных случаях, власти разъяснили, что преступление носило бытовой характер. А СМИ, за редким исключением, не упоминали о том, что подозреваемый и жертва принадлежат к разным этническим группам», – делінген онда. Қылмыстық оқиғаға қатысушылардың әртүрлі этностың өкілі болғаны не үшін маңызға ие болуы тиіс? Тура осы тұстан этностардың өзара қырқысына жол бастап беріп отырғанымызды неге түсінбейміз? Оның үстіне түрік отбасының қылмысы үшін бүкіл түрік диаспорасының кешірім сұрауына мәжбүрлеген құқық қорғау органдарының да әрекеті түсініксіз. Сондай-ақ, аталған мақалада автор елдегі ішкі саясатты сынай отырып, құқық қорғау органдарының «титулды ұлтты» жазаламайтынына маңыз береді: «Они избегают демонстрации применения законной силы против «титульной нации» и фактически запрещают указывать этническую составляющую как повод для конфликта», – делінген онда. Демек, мақала авторының елдегі ұлттық саясатқа көңілі толмайды және осыған кінәлі «қазақтардың» жазаланбайтынына назалы. 

Әрине, ішкі саясаттың және құқық қорғау органдарының бұл істегі көзжұмбайлығы мен түсініксіз әрекеттері мақалада сыналғаны орынды. Алайда, журналистің өз тарапынан пікір білдіріліп елдегі ұлттық саясаттан екінші біреулердің зардап шегіп жатқанын фактісіз, дәлел-дәйексіз дәлелдеуге тырысуы журналистік этикаға қайшы. Оқиғаны сараптап, оқиғаға қатысушылардың, сарапшылардың түрлі этнос өкілдерінің пікірі тыңдалғаннан кейін, елдегі ішкі саясаттың олқылықтарын да атап өткен жөн. Қалған бағаны оқырман өзі бергені абзал. «Евразия» ақпараттық-сараптамалық порталында жарияланған Саиф Нуридің «Роль СМИ в раздувании межэтнических конфликтов» атты мақаласында: «Мысалға, АҚШ-ты алайық. Біздің либералды масс-медиа біртіндеп ондағы медиамен теңесуге таяды. Америка азаматын, тегінің кім екеніне қарамастан (африкалық, латындық, ағылшын-саксондық, еврей), оны БАҚ-та американдық ретінде көрсетеді әрі американдық ретінде соттайды. Ресейде, керісінше, егер қылмысты кавказдық, әсіресе, шешен, дағыстандық немесе ингуш жасаса, БАҚ (интернет-ресурстар ма, мерзімді басылым ба, аймақтық немесе орталық деңгейдегі мерзімді басылым ба, НТВ дәрежесіндегі телеарна ма, бәрібір) бұл қылмысты этникалық кикілжің ретінде көрсетуді өз міндеттері санайды, сөйтіп бұның астарында ұлтаралық шиеленіс жатқанын және бұқараның назарын қылмыскер мен жәбірленушінің ұлтына аударуды мақсат етеді», – деп жазады. Дәл осы тенденция біздің ақпарат құралдарына да тән. Жоғарыда келтірген мысалдардан-ақ біздегі этносаралық мәселелердің ушығуына БАҚ өз үлесін қосып отырғанын байқау қиын емес. 


Видеода факті мен пікірдің өзара айырмашылығы жайында қысқаша түсініктеме беріледі. Видео контентіне шағын түсініктеме берсек, факт дегеніміз – нақты шынайы болған іс, оны дәлелдеуге болады. Ал пікір дегеніміз – оқиғаға орай жеке адамның көзқарасы, пікірі. Ол шынайы фактіге негізделген болуы да мүмкін. Бірақ, сол факт туралы біреудің пікірі ғана болып есептелінеді. 

Сонымен, сіз үшін дерек көздері не болуы керек? Дерек пен дәйекке не жатады?

Бірінші, журналистің оқиға орнында болуы (егер оқиғаны репортаж түрінде тарату көзделсе). Яғни, журналистік бақылау мен баяндау. Онда сіз оқиғаны өз көзіңізбен көре аласыз, сараптайсыз және өз ой елегінен өткізесіз. Сол арқылы оқиғамен танысуға әрі жұртшылыққа таныс емес қырын ашуға талпынасыз. Сондай-ақ, бұл сіздің басты көзіріңіз – дерегіңіз, оқырманды сендіре алатын құралыңыз. Сараптамалық журналистикада оқиға орнында болуы шарт емес. Бірақ оқиға дерегін табуға ұмтылған жөн. 

Екіншіден, куәгерлердің куәлігі. Сіз сол оқиғаға қатысушы тараптарды сөзге тарта аласыз. Олардың куәлігі сіз үшін дәлел бола алады. Куәгерлерден не оқиғаға қатысқан адамдардан алынған құжаттар, журналистің түсірген суреті. Бұл ретте пікірлер балансын сақтау қажеттігін ұмытпау керек.

Осы оқиғаға орай жарияланған ресми құжаттар мен мәліметтер, статистика.

Балама ақпарат көздері. Бірақ, бұл ақпараттың шынайы екендігіне көз жеткізбей жариялауға болмайды.