Глоссарий

Ұлт – қоғамды ұйымдастырудың анағұрлым кең тараған бірлігі. Негізінде XX-XXӀ ғасырлар ғаламдық деңгейдегі саяси ұйымдасудың негізгі бірлігі болып табылатын ұлттық мемлекетке сәйкес келуі керек. Ұлт мемлекетті қажетті заңдылықпен қамтамасыз етеді және тек ұлттық мемлекеттер халықаралық қатынастардың толыққанды субъектілері ретінде өмір сүре алады деген пікір қалыптасқан. 

Этнос, этникалық қауымдастық – [гректің сөзі, ethnos – тайпа, халық] – бір халықты екіншісінен ажыратуға мүмкіндік беретін ортақ белгілері бар қауымдастық. «Этнос» ұғымы әлі күнге бірыңғай түсіндірілмейді. Кең мағынада, «этнос» ұғымын көпшілік зерттеушілер барлық дәрежедегі этникалық жүйелер жиынтығы ретінде түсіндіру қалыптасқан (тайпа, халық, ұлт және т.б.). Алайда, кейбіреулер (Л.Н.Гумилевтан кейін) оны негізгі жүйе ретінде қарастырады (субэтностар, суперэтностармен қатар және т.б.).

Тар мағынада алғашқылардың бірі болып «этнос» ұғымына анықтама берген М.Вебер былай дейді: «Этнос – мүшелері сыртқы бейнелерінің, әдет-ғұрыптарының ұқсастықтарына қарай немесе ортақ отаршылық не көші-қонды басынан өткерген тағдырлас тарихына қарай өздерінің шығу тектерінің бір екендігіне сенетін топ». Бұдан кейін де көптеген зерттеушілер этносқа аумақ, тіл, дін ортақтығының негізінде өзінше анықтама беруге тырысты. Алайда, Л.Н.Гумилевтің пікірінше, аталған белгілердің бірде-бірі жалпыға бірдей, кез келген этносқа қолданыла бермейді, мұнымен бірқатар зерттеушілер келісті.

Ғадауат тілі немесе жеккөрушілік риторикасы – діни көзқарастары, ұлттық, мәдени немесе ерекше, суб мәдени құндылықтары әралуан өзара қарсы топтардың бір-біріне қарсы қолданатын жағымсыз лексикасы. Бұл нәсілдік, ксенофобиялық, ұлтаралық жек көрушілік және төзімсіздік, гомофобия және сексизм формасында көрініс табуы мүмкін.

Еуропа кеңесінің министрлер комитеті «ғадауат тіліне» нәсілдік жеккөрушілікті, ксенофобия, антисемитизмді және басқа да төзімсіздікті ақтаудың және оны таратудың, ушықтырудың әрі дамытудың барлық формасы ретінде анықтама береді. Бұл төзімсіздіктерге агрессиялық ұлтшылдық, этноцентризм, ұлттық азшылдықтар мен мигранттарға және эмигранттық тамыры тереңдегі адамдарға қатысты кемсітушілік пен жеккөрушілік те жатады. 

Толеранттылық (лат. толерантіа – төзімділік, көнбістік) – басқа ойға, көзқарасқа, наным-сенімге, іс-әрекетке, әдет-ғұрыпқа, сезім-күйге, идеяларға төзімділік, жұмсақтық көрсете білу қасиеті. Толеранттылық – адам құқығы мен бостандығы, плюрализммен қатар негізі демократиялық принциптердің бірі болып есептеледі. Толеранттылық – қоғамның жалпы және саяси мәдениетінің деңгейінің көрсеткіші.

Ксенофобия – үргедектік – (грек. хенос «жат»+пһобос «қорқыныш») толерантылыққа мүлде қарама-қайшы ұғым. Этноәлеуметтану ғылымында «ксенофобия – діні, салт-дәстүрі, ұлты бөлек жандардан қорқу, оларды жек көру» деп түсіндіріледі (мысалы, русофобия – орыстармен жауласу, антисемитизм – еврейлерге өштесу және т.б)