Интернетте жаңалық жазу негіздері

Жаңалық веб-сайт үшін жазыла ма, әлде ақпарат агенттігі немесе газет үшін жасала ма, маңыздысы – ол жаңалықта қызық, мүдде бар-жоғы. Ол тек сіздің қандай басылымда жұмыс істейтініңіз бен оның аудиториясы қандай екеніне қарай ғана ерекшеленеді. Бизнес-басылымның оқырмандарына спорт жарыстарының немесе Алматы облысы оқушыларының Кореяда химиядан өткен олимпиадаға қатысуының нәтижесі қызық бола қоюы екіталай. Бұқаралық интернет-басылымдарының журналистеріне қиынырақ – олар ауқымы кең тақырыптар бойынша хабар таратып, оқырманға әлемде болып жатқан дүниенің бәрінен ақпар беруі керек. 

Сонымен, жаңалықпен жұмыс істейтін болсаңыз – ең алдымен оны кімге арнап жазып отырғаныңызды білуіңіз керек – журналист өз басылымының аудиториясын білуге тиіс.

Интернет-басылымдар бұқара аудиторияға арналған және арнайы маманданған болуы мүмкін. Осыған байланысты, журналист жаңалықты қандай тілмен жазатынын таңдайды – бұқара аудиторияға арнап жазсаңыз – жеңіл де түсінікті, ал маманданған басылымда жұмыс істесеңіз – кәсіби болуы керек. Қаржы туралы жазатын интернет-порталда кезекті бір жылдың кезекті бір тоқсанындағы банк жұмысының нәтижелерін жазар болсаңыз – онда комиссиялық табыс немесе қазіргі ликвидтік деңгейі сынды детальдарды атау маңызды, ал бұқаралық сайт оқырмандарына ондай егжей-тегжейлі ақпарат керек емес – оларға негізгі фактілерді атап кету жеткілікті 

Сөйте тұра, арнайы маманданған басылым үшін жазсаңыз да, бұқаралық сайт үшін жассаңыз да – жаңалық түсінікті тілмен жазылуы керек. Кез келген журналистік мәтінге қатысты есте ұстайтын дүние – мәтінді ақылдырақ әрі ақпаратқа қанықтырақ ету талпынысы оқырманды сіздің фанатыңызға айналдыра қоймасы, тіпті, кері нәтижеге әкелуі де мүмкін. 

Қысқарған сөздер мен терминдерді ашып жазу керек, тіпті, оқырмандарыңыз ЖІӨ (жалпы ішкі өнім), ҰБ (Ұлттық банк) немесе ПӘ (Президент әкімшілігі) деген не екенін білетініне сенімді болсаңыз да, әр редакция қай терминдер мен қысқарған сөздерді қолдануға болатынын, ал қандайын жаңалықтарда мүлде қолданбау керек екенін өз бетімен шешеді.  

Осылайша, жаңалық қандай тілмен жазылатыны басылымның арнайы маманданған не бұқаралық болуына байланысты.

Бұрын жаңалықтарды шұғыл жариялау үшін ақпарат агенттіктері ғана бәсекеге түсетін еді, енді интернет-басылымдар да бәйгеге қосылды. Ұстаным біреу-ақ: маңызды (немесе шұғыл) жаңалықты кім бірінші болып жарияласа, әлеуметтік желіде жұрт назары да алдымен соған түседі, өзге БАҚ соған сілтеме жасайды (мүмкін), көп трафик те соған келеді. Ал трафик – жарнама әкеледі. Жаңалықты жариялау жылдамдығының тағы бір маңыздылығы – оқырман маңызды жаңалықтарды қатарынан бірнеше рет бір интернет-басылымнан алғаш оқыса, біртіндеп ақпарат алу үшін тек осы платформаға келе бастайды, осы басылымға адал болады. 

Оның үстіне, интернет-басылымның бұл реттегі бір қолайлы артықшылығы (телевизия немесе газетпен салыстырғанда) – жаңалықты қысқа хабар ретінде беріп, ақпарат келіп түсіп, өңделуіне қарай толықтырып отыру мүмкіндігі. 

Сонымен, интернет үшін жаңалықтар өндірісінде шапшаңдық аса маңызды – жаңалықтар жылдам әзірленуге тиіс.

Сөйте тұра, шапшаңдық сапаға әсер етпеуі керек. Грамматикалық қателерді айтып отырған жоқпыз – жас журналист те, тәжірибелі шебер де қате жібереді, ақпарат ағынында қатеден қашып құтылу қиын. Журналист қызметінің маңызды бөлігі – ақпаратты тексеру болған, болып қала береді де. Әсіресе, қазір, көптеген БАҚ әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға сүйеніп жаңалық жаза бастаған дәуірде бұл аса өзекті болып отыр. Фейсбуктегі жазбалар ақпаратқа себеп қана емес, жаңалықтың өзіне айналып кетіп жатыр. Бұл тұрғыда түрлі БАҚ түрлі көзқарас ұстанады: біреулер бұлай жұмыс істеуге болмайды дейді, бірақ, тіпті ірі деген ойыншылардың өзі қазір АҚШ Президенті Дональд Трамптың Твиттердегі жарияланымдарына қарап жаңалық жазуға мәжбүр, өйткені президент үшін аудиториямен тікелей байланыс арнасы сол желі болып отыр.  

Бірақ, журналист әлеуметтік желідегі ақпарат сенімді бола бермейтінін есте сақтауы керек: аккаунттар бұзылады, желіде түрлі фейктер жүреді, кез келген ақпаратты тексеру қажет. Кем дегенде, БАҚ желі қолданушысымен хабарласып, журналистің назарына іліккен жазбаны жазған-жазбағанын нақтылап алуы керек. Ал әлеуметтік желіде хабарланатын жаңалық расталмай, тексерілмей басылымға шығуы екібастан мүмкін емес.  

Ондай ақпарды тексеру тәсілдері көп – сәйкес қызметке хабарласу (айталық, өрт не болмаса басқа да төтенше жағдай туралы айтылса), оқиға орнына тілші барғанға дейін тағы бірнеше куә табу, т.с.с. 

Өзге бұқаралық ақпарат құралынан алынған ақпарат та тура осылай тексерілуі керек. Себебі, басылымды ақпарат көздері жаңылдыруы, ол кездейсоқ қателікке ұрынуы немесе қасақана жалған ақпарат таратуы мүмкін. 

Ақпаратты тексеру – журналистің міндеті және кез келген редакцияға қойылатын талап.