Тақырып және тақырыпша

Осы тараудың басында айтылған дүниеге оралайық. Соңғы жылдары интернет-басылымдардағы жаңалықтардың (мақалалардың да) тақырыптары жаппай «жаға ұстатып» кетті. БАҚ үшін оқырман тарту маңызды (жоғарыда айтқанымыздай – оқырман трафик әкеледі, трафик – жарнама әкеледі), ал оқырманды ресми, ұстамды тақырыптан көрі, интригаға толы тақырыппен қызықтыру оңайырақ. 

Мұндай жағдайда журналистен бұрын редактор мен басылым иесі аудиториясы мен беделі туралы сауалға тағы бір жауап беруі маңызды. Жаға ұстатар тақырыптар оқырман әкелетіні сөзсіз, алайда басылым беделінің нығаюына ықпал етпейді, оның үстіне арнайы маманданған, салмақты және іскерлік басылымдарға тіпті лайық емес. Әйтсе де, ресми, құрғақ тақырыппен шектелмеуге жол бар. 

Оған көмектесетін – тақырыпша. Тақырыпша бар болса, басылымдар әдетте оқырмандарына қысқа, назар аудартатын тақырып және оны жалғастырып, мәселенің мәнін аша түсетін тақырыпша ұсынады. Мұндай байланыс тақырыптарды жақын етіп, «жаға ұстатуға» кетіп қалмауға мүмкіндік береді. 

Бұқаралық емес, көше стилін қолданбайтын басылымда да тақырып интригаға толы болуы мүмкін. Айталық, экономика министрі тағайындалса, жаңа министрдің есімін тақырыптың өзінде атамай, жаңалық мәтінінде ашуға, сол арқылы, оқырман тартуға болады. 

Сөйте тұра, кәсіби және іскер жаңалықтар басылымдарында қойылатын тақырыптарда әдетте бұқаралық басылымдар қолданатын «Сұмдық», «Қорқынышты» деген сарындағы баға беру реңкіне жол жоқ. Бұл – журналистің оқырманды осы жаңалықты ашып, оқуға мәжбүрлеуі ғана.  

Интернет-басылымдағы жаңалық тақырыбы қысқа да нұсқа болуы керек, онда үтір қолданбаған дұрыс.

Жаңалық әлдекімнің пікірі не айтқан сөзі негізінде жазылса, тақырып қылып дәйексөз шығаруға да болады. Мұндайда соны айтқан адамның аты-жөні мен лауазымын көрсету керек.