Жаңалықтың құрылымы, лид, нақтылау және бэкграунд

Интернет-басылымдағы жаңалық лиді мен мақала лиді ұсынылу тұрғысынан да, жасалу жағынан да мүлде ерекшеленеді. Жаңалық лиді барынша ақпаратқа толы, қайда, қашан не болғанын және оны кім хабарлағанын қамтуы керек. Сөйтіп оқырман оқиғаның сипатын бірден танып, егжей-тегжейін мәлімдеме, комментарий, баспасөз хабарламасынан немесе жарияланымнан үзінді келтірілген мәтіннен біледі.

Жаңалық бэкграундпен – оқырманға осы оқиғаның маңыздылығын түсіндіруге көмектесетін анықтамалық ақпаратпен аяқталады. Интернет-басылымда бэкграундтың тағы бір маңызды қызметі бар: оған журналист осы тақырыпқа қатысты басқа мақалалардың сілтемесін қояды, сөйтіп оқырман солар арқылы өтіп, сайтта ұзағырақ отырады. Сөйте тұра, ондай сілтемелерді де, бэкграундтың өзін де артық пайдаланбаған жөн. Мысалы, бұқаралық басылым өрт туралы жаңалықтың аяғында қалада соңғы кезде болған барлық өрт оқиғалары туралы жазған жағдай болған. Бұл дұрыс емес, әрі артық.