Экономика журналисі деген кім?

Экономикалық журналистика классикалық журналистика түсінігінен түбегейлі ерекшеленеді. Мұнда тілшіге қойылатын басты әрі негізгі талап – сандарды есептеп, салыстыра білу, формулаларды талдап, қандай да бір мемлекеттік орган немесе компанияның мұндай сандарға қалай қол жеткізгенін сараптап түсіну қабілеті. 

Экономикалық процестерді сипаттаумен айланысатын журналист тек цифрларды талдап қана қоймай, оларды қарапайым жұртқа қысқа да нұсқа түсіндіре алуға тиіс. 

Экономикалық журналистика әлемінде time management қолдану аса маңызды, өйткені қаржы журналисінің әр күні ел экономикасына ықпал ететін бағамдарды қараудан басталады. Ондай журналистің күні негізгі валюта саудасы ашылуы және жабылуына, компаниялар мен банктердің қаржы есептілігіне қатысты басты деректердің Лондон биржасына шығарылуына, сондай-ақ, Қазақстан қор биржасындағы ақпараттық хабарлар ретіне қарай жоспарланады. 

Экономикалық журналистика әлемінде эксклюзив түсінігі екіұшты және қандай да бір ақпарат қашан және қайдан табылғаны, бір алаңда жұмыс істейтін әріптестерден ерте не кеш жарияланғанымен байланысты. Эксклюзив жаңалық алу ақпарат көздеріне тікелей байланысты, оның ішінде жария болғысы келмейтіндері де болады.