Экономиканың негізгі циклдары

- Құлдырау (депрессия) – елдегі өнеркәсіп өндірісінің және халықтың жұмыспен қамтылуының ең төменгі көрсеткіштерін анықтайды. Экономистердің айтуынша, «экономиканың түбі» ұзаққа созылмайды. Алайда, тарихта болған 1930-жылдардың Ұлы депрессиясы, іскерлік белсенділік оқтын-оқтын өзгеріп тұрғанына қарамастан, 10 жылға  (1929 жылдан 1939 жылға дейін) созылған.

- Төмендеу (рецессия) – әдетте өнеркәсіптік өндіріс көлемінің қысқаруымен, іскерлік және инвестициялық белсенділіктің құлдырауымен байланысты және негізінен дамыған елдерде жұмыссыздық деңгейі артуына алып келеді. Халықаралық валюта қорының нұсқасы бойынша, экономикалық құлдырау кезеңі деп іскерлік белсенділік төмендеуі алты айдан астам созылғанын айтады. 

- Көтерілу (тірілу) – экономика түбіне жеткеннен кейін аз уақыттан соң болады. Бұл цикл халықтың да, бизнестің де белсенділігі біртіндеп артуымен, сондай-ақ, өнеркәсіптік өндірістің аз ғана өсуімен ерекшеленеді. Экономистердің айтуынша, бұл циклда инфляция дүмпуі байқалмайды. Ел экономикасына инновациялар енгізіледі, сонымен қатар, алдыңғы төмендеу кезінде кейінге қалдырылған сұраныс жүзеге асырылады.  

 - Экономикалық өркендеудің Жоғарғы нүктесі немесе іскерлік белсенділіктің шыңы.  Бұл циклда көбінесе жұмыссыздық толық дерлік жойылады немесе өте аз мөлшерде қалады, өндіріс қуаты толық жүктемемен жұмыс істейді, іскерлік белсенділік шырқау шегіне жетеді. Бұл экономикалық цикл кезінде елде инфляция қарқынды өсуі байқалады. Нарықтардың біртіндеп қанығуы елдегі бәсекелестікті күшейтеді, өз кезегінде ол табыс көлемін төмендетіп, экономикадағы жобалардың өзін-өзі ақтауының орташа мерзімін ұлғайтып жібереді.