Ақпарат көздерімен жұмыс істеуде қолданылатын тәсілдер және ұстанымдар

Ақпарат ұсынудың недәуір көп қолданылатын үлгісі – пікір білдіру – ньюсмейкер мен журналист арасындағы сөйлесу, журналист өзін қызықтыратын тақырып бойынша сұрақ қойып, ньюсмейкер оған жауап беруі. Әдетте журналиске мұндай мүмкіндік ньюсмейкерлер ресми мәлімдеме жасайтын ресми шаралар барысында немесе соңында туады. 

Кез келген ақпарат көзінен алынған ақпарат оны берген адам қаншалықты беделді екеніне де, осы ақпаратты жариялау қаншалықты резонанс тудыратынына да байланыссыз, жартылай не толық тексеруді қажет етеді. Бұл ретте мемлекеттік ақпарат көздерінің ресми ресурстарында жарияланған материалдар жеке тұлғалардың ауызша айтқан пікіріне қарағанда неғұрлым сенімді болып есептеледі. 

Ақпарат көздерінің барлығы ақпаратты өз атынан ресми түрде де, анонимдік шартымен де ұсына алады. Екінші тәсіл мемлекеттік қызметкер, жеке компанияның өкілі немесе эксперт қандай да бір себептермен: мансабына не өміріне қауіп төнеді деп қорыққаннан, не болмаса, өзі өкілдік етіп отырған құрылымды жария еткісі келмегеннен, корпоратив саясатқа қайшы келіп отырған жағдайда ресми мәлімдеме жасай алмағанда қолданылады. Әйтсе де, аты-жөнін жария еткісі келмеген ақпарат көзінен алынған деректер мұқият тексерілуі керек. Өйткені, мұндай жағдайда журналист дерек берушінің қолшоқпарына айналып кету қаупі жоғары. 

Аты-жөнін жария еткісі келмеген ақпарат көзі мен аноним ақпарат көздерін шатастырмаған дұрыс. Алғашқыларының аты-жөні де, лауазымы да әдетте журналистерге жақсы белгілі, тек олар оны оқырманға жария етпейді. Екінші жағдайда журналистердің өзінде ақпарат көзі туралы мардымды дерек жоқ. Мұндайда журналистің қолшоқпарға айналу қаупі арта түседі.  

Ақпаратты анонимдік шартымен хабарлайтын ақпарат көздерімен істес болғанда, журналистің қолында өзі мен ақпарат көзі арасындағы әңгімеге дәлел бола алатын диктофон немесе видео жазбалары, ақпарат көзінің фотосуреті, оның журналиске жазған хаттары болғаны жөн. Аноним ақпарат көздері берген ақпарат мұқият тексерілуі тиіс. 

Көптеген елдердің заңына сәйкес, журналист ақпарат көзінің аты-жөнін тек сот ісі барысында ғана жария етуіне болады. 

Ақпарат көздерін қолданғанда журналистер мына ережелерді ұстанғаны дұрыс: 

  • бедел – зерттеліп отырған мәселенің ауқымы қаншалықты үлкен болса, ақпарат көзінің салмағы мен беделі де соншалықты жоғары болуы керек; мысалы, нақты мұнай кен орнының геологиясы мәселесін дәл осы кен орнын зерттеген геологпен, ал Қазақстанның жер қойнауы қаншалықты зерттелген деген мәселені геология ҒЗИ директорымен талқылаған жөн; 
  • сәйкестік – ақпарат көзі оқиғаға тікелей немесе жанама болса да қатысы бар, пікір білдіретін мәселелері бойынша жеткілікті құзыреті бар болуы керек; банк секторындағы мәселелер жөнінде макроэкономика саласының маманынан емес, банкте жұмыс істеген тәжірибелі қаржы маманынан сұхбат алған жөн;
  • объективтік  – журналист пайдаланатын ақпарат көздері оқиғалар мен құбылыстарды біржақты баяндамауы керек; қандай да бір қақтығыс немесе келіспеушілік туралы жазатын болсақ, тараптардың әрқайсысынан кем дегенде бір-бір дерек көзін пайдалануға тиіспіз.