Фейк деген не және олар қандай болады?

Көбінесе жалған ақпарат мәтін, фотосурет немесе видео (не болмаса, осы аталған тәсілдердің қосындысы) түрінде таралады және ол не жаман ниеттен, не біліксіздіктен шығады. Ондай жалған ақпараттың кез келген түрін фейк деп атаймыз және былай жіктейміз:  

- Өсек. Оны көбінесе «сарыжағал» басылымдар пайдаланады және негізінен танымал тұлғалардың жеке өміріне қатысты болады. Өсек рас та, өтірік те болуы мүмкін, бірақ, басты сипаты – оның шын не өтірік екенін растайтын сенімді ақпарат көзі болмауы. 

- Ойдан шығарылған. Аудиторияның эмоциясына әсер етуге арналған, ешқандай шынайы негізі жоқ толықтай өтіріктен құралған ақпарат. Әлеуметтік эксперимент жүргізу, жеке бас деректерін жинап алу мақсатымен немесе сатира үшін қолданылуы мүмкін. Мұндай ойдан шығарылған жалған ақпаратқа мысал ретінде үш омырауы бар әйел туралы жаңалықты атауға болады. Ол Крейг Сильверманның әлеуметтік желілерде фейк ақпарат оларды жоққа шығаратын жарияланымдарға қарағанда көбірек таралатынын дәлелдеген зерттеуіне негіз болды. 

- Насихат және жаңылдыру. Ойдан шығарылған ақпарат коммерциялық немесе зерттеу жүргізу мақсатын көздесе, насихат тек саяси мүдде үшін жасалады. Үш омырауы бар әйел туралы ойдан шығарылған өтіріктен ешкімге зиян келмеді, ал насихат пен ақпараттан жаңылдыру әлдекімді өлтіріп тынуы да мүмкін. Ақпарат көздеріне, ең алдымен журналистерге деген жаппай сенімсіздік туғыза отырып, насихат факт пен ойдан шығарылған өтіріктің ара-жігін өшіріп қана қоймай, қандай да бір әлеуметтік институттарға деген сенімді жойып, саяси оқиғаларға деген белгілі бір көзқарасты аса танымал ететіні соншалық, демократия құралдары қызметін атқара алмай қалады. Насихаттың 14 сипаты жайында «Медиакритика» басылымы жариялаған материалдан оқи аласыздар.

Түптеп келгенде, фейктер адамның дүниені қабылдауындағы осал тұстарды – ең алдымен, жаны ашу, дүниені тұтас қабылдау қажеттігі мен көмектесу ниеті сынды қасиеттерін аңдиды. Фейк жасауда мынадай тәсілдер қолданылады: 

Біріншіден, эмоцияға әсер ететін тақырып қою. Мысалы, «Украин радикалдары Харьковта орысша сөйлегені үшін балаларды сабап кеткен», «Клинтон ісін тергеген ФТБ агентінің өлі денесі табылды» және т.б. Бұл тәсіл жалған ақпаратты әлеуметтік желілер платформасында тарату үшін қолданылады, өйткені мұндай тақырыптар адамның эмоциясына әсер етіп, ақпараттың қайдан шыққанын тексеру қажеттігін тұншықтырады. 

Эмоцияны пайдаланатын тағы бір тәсіл негатив нарратив деп аталады. Оған идеологиялар (фашизм, расизм), радикал діндерді (секталар, діни фанатизм, радикал ислам), ұлттық немесе тілдік сипатына қарай геноцид, әскери қылмыстар (терроризм, қинау, бейбіт тұрғындарға зорлық көрсету) аталатын фейктер жатады. Мысалы, «Бірінші арнаның» «Славянскіде ашаға керілген бала» туралы атақты фейк жаңалығы әлі күнге дейін насихатта негатив нарративті пайдаланудың ең жарқын көрінісі болып келеді. 

Фейк жасауда эмоциялық акценттен бөлек тағы екі тәсіл қолданылады: уақыт пен кеңістікті жылжытып жіберу (мысалы, Югославиядағы соғыс кезінде түсірілген фотосуреттер Донецкідегі оқиға туралы ақпарат ретінде берілуі) және материалды ұсынуда баланс болмауы (оның ішінде дәйексөздердің іріктеліп берілуі). Бұл жағдайда мәтіннің не сөйлемнің бір бөлігі жұлып алынып, белгілі бір тезистің дәлелі ретінде ұсынылады.  

Көріп отырғандарыңыздай, фейк жасаудың аса қиындығы жоқ, өйткені, шындықтың интерпретациясы, оның үстіне, ол эмоциямен күшейтілген болса, қай кезде де шындықтың өзінен күштірек болады. Әйтсе де, бұл, қанша қиын болғанына қарамастан, фейкті жоққа шығаруға болмайды деген сөз емес.  

Верификация туралы сауалдардан ең көп еститінім – «Фейктерді жоққа шығарған ақпарат тиімді ме?». Зерттеулер көрсетіп отырғандай, фейктерді жоққа шығарған ақпарат фейктің өзіне қарағанда нашар таралады, ал фактчекингтің өзі фейкті қайтадан өзекті ете түседі. Өзім байқағандардан айтар болсам, «фейк-жоққа шығару» жұбын алсақ, фейкке көбірек назар ауады. Ал «фейк-жоққа шығару-фейк» тіркесін алсақ, екінші фейк біріншісіне қарағанда нашар таралады. Түптеп келгенде, фейктерге қарсы күрес одан кейінгі ақпаратты бұрмалауға деген талпыныс нащар таралуына әкеліп соғады, сөйтіп, шартты  түрде айтқанда, «фейкке қарсы вакцинаға» айналады. Бұл тезис ғылыми зерттеу арқылы да дәлелденген.