Верификация алгоритмі

Материалдың шынайылығын тексеру үшін мынадай верификация алгоритмін ұстану керек:

  1. Ақпараттың кімнен шыққанын тауып, онымен байланыс орнату.  
  2. Оны тексеру (ресурстың беделі, жарияланған уақыты, авторы). 
  3. Аталған фактілерді (атауларын, қатысушыларды, күнін, сандарды) тексеру. 
  4. Хабарлама мен шындықтың сәйкестік деңгейін анықтау. 
  5. Осы оқиға туралы немесе мазмұны осыған ұқсас басқа да хабарламалар бар ма? 
  6. Басқа да ақпарат көздерін табу. 

Бұл алты қадамның бәрін жасау міндетті емес екеніне назар аударыңыз. Көбінесе, алғашқысының өзі жеткілікті болады. Ал көбірек қадам жасау керек болған жағдайда, олар дәл осы ретпен жасалғаны абзал. 


Ақпараттың кімнен шыққанын тауып, онымен байланыс орнату

Верификация ең алдымен коммуникация пәні, ал коммуникация адамдармен де, материалмен де қарым-қатынас жасауды меңзейді. Айталық, «парламент сары шалбар киюге тыйым салыпты» деген хабарлама шықса, дәлелдеу күші жағынан тең бірнеше коммуникация стратегиясын құра аласыз. Біріншіден, парламенттің ресми сайтына кіріп, осыған сәйкес бөлімде жарияланған материалдарды тексере аласыз. Бұл – түпнұсқа материалмен қарым-қатынас болады. Екіншіден, осы ақпаратты растайтын не жоққа шығаратын жауапты тұлғаның пікірін ала аласыз. Бұл – бастапқы дерек көзінің өкілімен қарым-қатынас. 

Бастысы – ақпараттың алғашқы шыққан көзімен байланыс орнату. Осы ереженің бұзылуы ақпараттың бұрмалануына себеп болуының мысалы ретінде австриялық қонақүйге хакерлік шабуыл жасалуы туралы оқиғаны атауға болады. Ол «Медуза» басылымында толық сипатталған және жаңалықтың негізгі ақпарат көзін дұрыс түсінбеудің салдары ақпаратпен манипуляция жасауға соқтырғанына анық дәлел бола алады. 


Оны тексеру (ресурстың беделі, жарияланған уақыты, авторы)

Дәл осы оқиға верификация алгоритмінің екінші қадамы да маңызды екенін баса көрсетеді: ақпараттың түпкі көзінің беделін тексеріңіз. Ресей медиасында ақпараттың түпкі көзі ретінде сатира сайттары немесе Тайландтағы бұрынғы ағылшын тілі мұғалімдерінің жеке блогтары пайдаланылған жағдайларды да көргенбіз. Сондықтан, жаңалықтар ресурсының беделіне назар аударыңыз: олардың арасында ақпаратпен манипуляция жасау және фейк жариялаудан ұсталып қалғандары да кездеседі. Сонымен қатар, материалдың авторын, оның кәсіби тәжірибесін, тарихын және бұрынғы жарияланымдарын да тексерген жөн. Ал жаңалықтың жарияланған уақытын тексеру осы ақпарат қаншалықты өзекті екенін көрсетеді. 


Аталған фактілерді (атауларын, қатысушыларды, күнін, сандарды) тексеру

Келесі қадам – аталған фактілерді тексеру, өйткені бұл – ақпарат жеткізудегі баланс қаншалықты сақталған деген сұраққа жауап берудің аздаған тәсілдерінің бірі. Материалда аталған адамдар шынымен сол күні сол арада болды ма? Шынымен сол елдің өкілі осы сандарды атады ма? Ол адам шынымен сол ұйымның өкілі ме? 


Хабарлама мен шындықтың сәйкестік деңгейін анықтау

Фейк жасау үшін дәйексөзді іріктеп қолдану немесе контекстен жұлып алу тәсілі пайдаланылғанда, сәйкестік деңгейін анықтау сол хабарламаның қаншалықты дәл жеткізілгенін анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, ресейлік медиа құралдары «Порошенко Ресейге қарсы санкцияларды тоқтатуға үндеді» деп хабарласа, ақпарат көзіне жүгінгенімізде, бұл хабарлама  контекстен жұлып алынғанын көреміз: «Санкцияларды тоқтатуға бәрін бұрын кім мүдделі екенін білесіздер ме? Президент Порошенко. Алайда, алдымен Украина аумақтық тұтастығы мен егемендігін қалпына келтіре алуы үшін Ресей біздің жеріміздегі әскерін шығарып әкетуі керек». 


Осы оқиға туралы немесе мазмұны осыған ұқсас басқа да хабарламалар бар ма?

Сондай-ақ, осыған ұқсас хабарламаларды тексеру де маңызды, тек, оны верификацияның алғашқы сатысында жасамаған дұрыс, өйткені ақпараттың шынайылығын тексеруге ерінген ақпарат құралдарына тағы алданып қалуыңыз мүмкін. Ең алдымен ақпараттың негізгі түп көзін табудан бастаңыз, содан кейін барып осыған ұқсас мазмұнды іздеуге кірісіңіз.  


Басқа да ақпарат көздерін табыңыз

Ақпараттық басқа көздерін іздеу осы оқиғаның егжей-тегжейі толық сәйкес келе ме немесе сәйкессіздіктер бар ма деген сұраққа жауап беруге көмектеседі. Ақпарат ұсынуда баланс сақтауға деген ұмтылыс журналистің де, аудиторияның да сын тұрғысына ойлау дағдысын қалыптастырады. 

Бастысы, журналистерден басқа бұл жұмысты ешкім істемейтінін және верификация мыңмен жалғыз алысатын майдан емес екенін естен шығармаңыз. Бұл – командалық жұмыс. Ол қаншалықты дұрыс ұйымдастырылса, сіздің фейктерді жылдам тануыңыз да соншалықты жылдам болмақ. Нәтижесінде, өз материалдарыңыздың сапасын жақсартасыз.