Фактчекинг және верификация нәтижелерін талқылау

Фактчекинг пен верификацияны кем дегенде екі жағдайда қолдануыңызға болады: өзіңіз материал әзірлеп, оның шындыққа сәйкес екеніне көз жеткізуіңіз керек болғанда және фейкке тап болып, оны жоққа шығарғанда. 

Бірінші жағдайда болсаңыз, екінші жағдайдағыдай дәлелдеу стратегиясын құрудың қажеті жоқ, алайда, сіз баяндайтын оқиғаның растығы адам болсын, зат болсын – ақпарат көздеріңізді қаншалықты тексергеніңізге байланысты болмақ. 

Ақпарат көздерімен жұмыс істегенде барынша көбірек деталь табуға тырысыңыз, өйткені олар ақпараттың растығын тексеру үшін керек болуы мүмкін. Айталық, 2014 жылғы 2 мамырда Одессада болған оқиға туралы ақпараттың растығын тексеру барысында жаңбыр жауған уақыт сияқты детальдің маңызы зор болды, өйткені соның көмегімен оқиғаның хронологиясы дұрыс қалпына келтірілді. Сондықтан осындай детальдардың бәрін хронологиялық тізбекке салып отырыңыз, ол кейіннен қандай ақпарат жетіспейтінін және оқиға қандай ретпен өрбігенін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, географиялық профиль жасаудың да, яғни негізгі оқиға өткен орындарды картаға салып отырудың да маңызы зор.   

Бір фактінің өзін бір-біріне тәуелсіз екі ақпарат көзінен тексеріп алуға тырысыңыз. Барынша күш салсаңыз да еш нәтиже шықпаса, материалыңызда осы ақпаратты тек бір дерек көзінен алғаныңызды жазуға әзір болыңыз. Сол арқылы материалыңыз тартымдырақ бола түседі деп ойласаңыз да, оған жоқ нәрсені қосудан сақ болыңыз. Материалда «басшылыққа жақын жүрген аноним» деген ақпарат көзін көрсету оны фейк деп есептеуге негіз бола алады. Австриялық қонақүйге хакерлік шабуыл жасалғаны туралы материалды естеріңізге сала кетейін. Басылым ойынан қосып жіберген шағын ғана деталь оның беделін күл-талқан етті. Жақсы ниетпен айтылған өтірік те өтірік болып қала береді. Өзіңізге де, оқырмандарыңызға да адал болыңыз.  

Ал фейкті жоққа шығармақ болсаңыз – ешкімді айыптамаңыз, тек дәлел келтіріңіз. Дәлел біреу емес, бірнешеу болғаны жөн. Мысал ретінде, Stopfake.org журналистері «Украина ӘТК кемелері мұзға қатып қалғанын» жоққа шығарғанын атап өтуге болады.  Осы материалда келтірілген дәлелдерге назар аударыңыздар. Атап айтқанда: алғашқы ақпарат көзінен алынған материалдың дұрыс жеткізілмеуі, вебкамераға уақыты көрсетіліп түскен видео, кемелердің қозғалысын бақылап отыратын сайтқа жүгіну, балама ақпарат көзінен алынған фотосуреттер. Осы дәлелдер ақпараттың өтірік екеніне оқырманның көзін жеткізеді, өйткені олардың кез келгенін қайта қалпына келтіруге болады. 

Осы оқиға фактчекинг барысында қолдануға болатын құралдардың да көп екенін көрсетеді. Олардың бәрін қолдану міндетті емес, бар екенін түсіне білу маңызды. Одан бөлек, ақпаратты жеткізу тәсіліне де назар аударыңыз: мәтін және визуал блоктар кезектесіп келіп, дәлелді күшейте түседі. Мұндай тәсілді өз материалыңызда да қолдансаңыз болады. 

Сонымен қатар, саяси салада тұрақты түрде фактчекинг жүргізетін болсаңыз, Politifact қолданатынға ұқсайтын тізбек жасап алу артық болмайды. Әсіресе, фактчекинг нәтижелерін әлеуметтік желіде жариялауды жоспарласаңыз, соңғысы пайдалы болады.