Сұхбаттың түрлері мен сұхбат стильдері

Жақсы сұхбат жәй әңгімеге ұқсайды, алайда бұл жәй ғана диалог емес. Себебі күнделікті өмірде екі адамның әңгімесінде белгіленген, арнайы көздеген құрылым немесе жоспар бола бермейді. Бұл әңгіме болжап болмайтын бағытта өрбуі мүмкін, көп жағдайда бар ақпарат қол сермеу, ымдау арқылы беріліп, қисыны болмайды. Сұхбаттың орны бөлек, оның өз құрылымы, жоспары, басы, ортасы, негізгі бөлігі және көздеген мақсаты бар. 

Сұхбаттың түрлері

  1. Деректерден тұратын сұхбат немесе оқиға орнынан жасалатын репортаж кезінде жазылатын сұхбат, ол не жағдай болғанын білдіріп, «кім, не, қайда, қашан» деген сұрақтардан тұрады. Белгілі бір жағдайда осы сұрақтардың өзі жеткілікті. 
  2. Осыған ұқсас, бірақ толықтыратын сұрақтары бар сұхбат. Бұл сұхбат түрін сараптаманың алғашқы кезеңіне жатқызуға болады. Мұндай сұхбат түрін сарапшымен немесе оқиға орнында болған журналистпен жүргізетін әңгіме барысында пайдаланған жөн: мұндай оқиға қалай болды, оның болуына не себеп?
  3. Сұхбаттың келесі түрі – оқиғаға тікелей қатысы бар адамдармен сұхбаттасу. Мәселен, министрлер немесе оппозиция жетекшілері, шеруші, полиция өкілі, қоғамдық ұйым белсенділері, мемлекеттік шенеуніктер болуы мүмкін.  
  4.  Сұхбаттыжаңалықтар мен болған оқиғадан өзге де «жанрларда» пайдалануға болады. Мәселен, біртуар тұлғалар жайында сюжет жасау барысында, шолу жасау кезінде.  

Мәселен, 2000 жылдардың басында танымал  қазақстандық композитор Ертөстік Сансызбаев (сазгердің есімі өзгертілген) журналистпен әңгіме барысында ресми билік өкілдерін сынап, дөрекі түрде балағаттаған. Бұл сөздерді жазып алған журналист оны бұқараға жариялап жібереді. Егер дер кезінде бұл материалды немесе сұхбатты редактор көрмегенде, онда бұл басылым заң алдында жауап берер еді. Неге? Өйткені өзара сөйлесу барысында мемлекетті сынаушы азамат өз пікірін бір адамға ғана жеткізді. Ал оның сөзін жариялап жіберген журналист сыңаушының балағат сөздерін жүздеген, мыңдаған адамға жеткізеді. Сөйтіп заңды әрі журналистік этиканы бұзды. Сұхбат беруші де, сұхбат алушы да өз жауапкершілігін ұмытпауы тиіс. Яғни, сұхбат пен жәй әңгімені шатастырмау керек.