Сұхбат стилінің әртүрлілігі

Сұхбаттың бір түрі – көптеген сұрақтардан тұратын қызу сұхбат. Мұндай сұхбат барысында ыңғайсыз сұрақтарды да қоюға болады. 

Келесі түрі жәй әңгімеге ұқсайтын еркін сұхбат. 

Бұлардың екеуі де дайындықты талап етеді. 

Журналист әрекеті

«Ыңғайсыз сұрақ» немесе «арандатушы сұрақ» деген терминді әртүрлі түсінуге болады. Кейбір ортада министрлерге ыңғайсыз сұрақ қойылмайды. Сол себептен жәй ғана түсініктеме сұрау арқылы «қатал сұхбат алушы» атануға болады.Батыл әрі сыпайы қойылатын сұрақтарды көп жағдайда «ыңғайсыз» немесе «арандатушы» сұрақ деп атайды. Өйткені «тәкаппар адамдар» сұхбат беріп үйренбеген. Ондай жағдайда кейде батылдық таныту қиын. Себебі өзін керемет санайтын «маңғаз» адамдар сұраққа жауап беруге әдеттенбеген. Алайда сұхбат алатын журналист өзін одан бір нәрсе сұраушы ретінде көрсетіп, оған жалынышты болмауы тиіс. 

Сұхбаттың негізгі мақсаты – белгілі бір ақпаратты алу, бар ақпараттың рас-өтірігін анықтау, белгілі бір деректі ашу немесе белгілі бір жағдайдың себебін түсіну. Көнгіш, жұмсақ мінезді адам мұндай мақсатына жете алмайды. Ол керісінше, сұхбат берушіге мінбер дайындап береді. Сөйтіп сұхбат беруші адам өзі айтқысы келгенді ғана айтады. 

Сұхбат жазушы журналист интервью қандай мақсатта және қандай бағдарламаға алынып отырғанын естен шығармауы тиіс. Тек дерек жинау үшін бе, әлде пікірін, көзқарасын анықтау үшін бе, бұл айтылған пікір бөлек сұхбат болып кете ме немесе деректі фильмге пайдаланыла ма? Сонымен қатар, сұхбат беруші адам неге интервью беруге келіскенін ойлап көріңіз. Себебі оның өз мақсаты мен мүддесі болуы ықтимал.