Сұхбаттың негізгі қағидалары:

Фокус

Сұхбаттың шеберлігі – талқыланып жатқан тақырыпты біртіндеп, қисынға сай, жоспарлы құрылым арқылы аудиторияға жеткізу және еркін әңгіме жүргізіп отырған әсер туғызу. Ол үшін ең алдымен әңгімеде басты назар неге аударылатыны анықталуы тиіс, яғни фокус айқын болуы керек. Белгіленген тақырып бойынша, берілген уақыт барысында қаншалықты бұл тақырып ашылатыны туралы жақсылап ойластырып алыңыз.

Сұхбат барысында бар назарды қай тақырыпқа тоғыстыратыныңызды шешіп қойыңыз және берілген уақыт барысында тақырыпты қаншалықты аша алатыныңызды ескеріңіз.  

Егер сұхбат беруші сұрағыңызға нақты жауап бермесе, онда ол сұрақты өзгеше тұжырымдап, қайталап қойыңыз. 

Интервью тыңдарманға немесе оқырманға түсінікті болу үшін, сұхбат осы талаптарға сай негізде құрылып, оқырманды қисынды ойға әкелетіндей болуы керек. Сол себептен, оқырман немесе көрермен қандай сұраққа жауап іздейтінін ойлау керек. 

Мәселен, түрлі елдерді шарлап жүрген саяхатшыдан бір тілші сұхбат алып отыр (өмірде болған оқиға). Ең алдымен журналист Самат Мейірбеков (аты-жөні өзгертілген) саяхатшыдан саяхат барысында алған әсері туралы сұрайды. Екінші сұрағын тілші саясатпен байланыстырды, соңынан ауа райы туралы сұрастыра бастады. Ары қарай әңгіме тарихи оқиғаларға арналып кетті. Нәтижесінде ел аралап жүрген саяхатшымен болған әңгіме қандай мақсатты көздегені белгісіз болып қалды. Осындай түсініксіз жайттар болмас үшін фокустан ауытқымау керек.

Әңгімелесуші

Сұхбат алатын адам сізге ақпарат беруі тиіс, өз пікірін ортаға салуы керек, сараптама жасауы қажет, алдандыруы тиіс немесе өзі туралы айта алады. Әңгімелесушілерді екі топқа бөлуге болады: өте танымал тұлғалар, оларды жаңалықтарда жиі көрсетеді (саясаткерлер, бизнесмендер, әртістер) және сарапшылар (ғалымдар, сарапшылар, сыншылар). Сұхбат беруші адам бар ақпаратты жетік білуі тиіс, бар білгенімен бөліскісі келетін адам болуы керек, соған сай білікті маман болуы қажет. Сонымен қатар ол өз ойын жеткізе алатын, дауысы жағымды адам болуы керек. Егер сіз ол адамды бірінші рет көріп тұрсаңыз, онда ол адаммен жақсылап әңгімелесіп алуыңыз қажет. 

Сіз өз сұхбаттасыңыздың кім екенін және неге ол сізге сұхбат беруге келіскенін ескеруіңіз керек. Оның бұл сұхбат берудегі мүддесі қандай? Көздегені не? 

Бұқаралық ақпарат құралдары адамдарды пайдаланып, өз өнімдерін шығаруды көздейді, алайда адамдар да бұқаралық ақпарат құралдарын өз мақсатына пайдаланады. Мәселен, белгілі бір нәрсені насихаттау үшін немесе белгілі бір деректі жоққа шығару үшін, өзін немесе  өз саяси ұйымын насихаттау үшін. Демек, сұхбат беруге келісе отырып, олар өздерінің әлеуметтік, саяси немесе экономикалық мүддесін көздеуі ықтимал.   

Сұхбат берушіні міндетті түрде жақсылап таңдау керек. Себебі саясатты жасап отырған министр мен оппозиция өкілдерінің пікірі әртүрлі болуы мүмкін. Министр әр сөзі үшін жауап береді, ал оппозиция өкілі түрлі пікір білдіре алады, мемлекет саясатын ашық сынай алады.