Әңгімелесушінің аты-жөнін, лауазымын, деректер мен цифрларды тексеріп алыңыз.

Егер жөнсіз қате жіберсеңіз, беделіңіз түсіп, әңгімелесушімен ынтымақтаса алмайсыз. Мәселен, саясаткер сіздің қолыңызда бар статистикалық дерекке күмәнмен қарауы мүмкін. Сол себептен қазіргі кезде бұл мәселе бойынша бар статистиканы біліп алғаныңыз жөн. 

Сұхбаттасушыны әзірлеу

Әңгімелесетін адамға неге оны таңдағаныңызды айтып, бұл сұхбатты қайда жариялайтыныңызды айтуыңыз керек. Сұхбаттасушыға әңгіме тікелей эфир арқылы жазылатыны немесе алдын ала жазылып, өңделетіні туралы ескертуіңіз керек. Бұл интервью қай аудиторияға арналғанын және ұзақтығы туралы айтқаныңыз абзал. Себебі ол кімге арналғанын біліп, түсінікті жауап беру арқылы көзделген мақсатқа жетуге болады.

Сұхбаттасушымен  әңгімебарысында қандай тақырыпты қозғайтыныңызды айтып, талқылап алауыңыз керек. Осы арқылы өзіңізге керек сұрақтарда дұрыс жауап беруге мүмкіндік туғызады. Әңгімелесуші жаңа бір деректер мен ақпаратты айтып, толықтыруы мүмкін. Бірақ сұхбаттасыңызға нақты қандай сұрақ қоятыныңызды айтпау керек. Әңгімені алдын ала айтып, жаттықпаңыз. Себебі берілген жауап шынайы шықпауы мүмкін. 

Сұрақтарды қысқа әрі нұсқа, орынды қойып отырыңыз

Әр сұрақ сұхбат сияқты фокусталуы тиіс. Сұрақ қысқа болуы керек. Себебі оқырман немесе тыңдарманға ең алдымен сізге сұхбат берушіні тыңдаған қызықты. Бұл жерде сіз тек тыңдарман немесе оқырман атынан сұрақ қоюшы ғанасыз. 

Ұзақ сұрақ қоймаудың бір әдісі – сұрақты алдын ала жазып алу. Алайда, егер алдын ала жазып алсаңыз, онда әңгіме барысында болған кейбір сәттерде ескермей қалуыңыз да мүмкін. Сол себептен алдын ала өзекті сұрақтарды ғана жазып алуыңызға болады. Жазып алған сұрақтарыңыз алаңдап отырып, қоятын сұрақтарыңызды ұмытып қалсаңыз керек болады. Мұндай жағдайда тізімге бір қарап алсаңыз болады. 

«Иә», «Жоқ» деген жауап беретін «жабық» сұрақтарды қоймауға тырысыңыз. Сұхбат беруде тәжірибесі жоқ немесе жақтырмай отырған сұхбаттасушыңыз қысқа жауап қайтаруы ықтимал. 

Мәселен, бір тілші бір төтенше жағдай болғанда осы салаға жауапты министрден сұхбат алған. Алайда бұл сұхбатты жария ете алмайды. Неге дейсіз ғой? Себебі жедел түрде сұхбат алу барысында журналист «жабық» сұрақ қойған. «Сіздер кешеден бері жұмыс жасап, жер көшкіні астында қалған азаматтарды құтқарып жатырсыздар ма?» – деген сұрақ қойған. Төтенше жағдайлар жөніндегі министр тек «иә» деп жауап қайтарған. Бұл жауапты эфирге шығарайын десе, оның реті келмейді. 

Сұхбат барысында «не, кім, қашан, қайда, қалай» деген сөздерден тұратын сұрақтардан бастаған жөн. Екі бөлімнен туратын сұрақ қоюдан қашыңыз. Себебі әңгімелесуші әдейі бұл сұрақтарға жауап бермеуі мүмкін. Болжам жасамаңыз, өйткені әңгімелесуші сізді бір тақырыптан екінші тақырыпқа әкетуі ықтимал.

Сұхбаттасушыны тыңдаңыз

Интервью кезінде сұхбат беріп отырған адамды мұқият тыңдап отырыңыз. Керек кезінде оған өз толықтыруларыңызды қосып отырасыз. Тыңдамаған жағдайда қызықты сәттерді жіберіп алуыңыз мүмкін. Кейде сіз ойламаған жәйт болып, интервью беруші өзге деректерді айтып кетуі мүмкін. Немесе сіз жоспарламаған, сізге керек емес әңгіме айтып кетуі ықтимал. Сұхбат беруші белгілі бір терминмен сөйлеуі ықтимал, сол кезде бұл сөздерді анықтап, оқырманға, көрерменге, тыңдарманға түсінікті болу үшін  анықтап алу керек. Мұқият тыңдамасаңыз осының барлығы назардан тыс қалуы мүмкін.  

Кейде сұхбат беруші сіз күтпеген әңгіме айтып, сұхбаттың тақырыбы өзгеріп кетуі де мүмкін. Демек, алдын ала жасалған жоспардан өзге әңгіме болуы әбден мүмкін.

Мәселен, қазақстандық бір журналист «діндарлардың» көп әйел алуына байланысты матариал жазу барысында теологтан сұхбат алады. Сұхбат барысында теолог көп әйел алушылар «халал жезөкшелікті» насихаттап отырғанын айтады. Нәтижесінде журналист жазған материал көп әйел алушылар емес, «халал жезөкшелік» туралы болып кетті.  

Ишарат тілін пайдаланыңыз

Ишарат тілін пайдаланыңыз: көзбе-көз қарап, басыңызды иіп, күліп отырыңыз. 

Мұның барлығы сұхбат беруші адамның көңілін өзіңізге аудару үшін, ол сізге қысылмай бар әңгімесін айту үшін, сіздің айтқан сөздеріңізге құлақ асу үшін, онымен болатын сұхбат қызық болатынын білдіру үшін қажет. Алайда телеарна немесе радио хабарларға сұхбат алу барысында басыңызды иіп тыңдау барысында дыбыс шығармауыңыз керек. Мәселен, «иә», «угу» «хммм...» деген дыбыс шығарсаңыз, оның барлығы таспаға жазылып қалады немесе дыбыс сапасына кері әсер етеді. Бұл тыңдарман немесе көрерменнің көңілінен шықпауы мүмкін. 

Егер сұхбат беруші әдейілеп күлдірсе, онда дыбыссыз күлсеңіз болады. 

Журналистің тәуелсіздігі

Сұхбат алушы журналист белгілі дәрежеде қатал, тәуелсіз, табанды, батыл, сонымен қатар өте сыпайы, әділ болуы керек. Журналист сұхбат беруші адамға басымдық бермеуі керек. Журналист сұхбат беруші адамның алдында орынсыз кішіреймей, тең дәрежеде сөйлесуі керек.