Жаңалықтар шығарылымын жүргізуші: «сөйлейтін басқа» айналмау

Автор: Шолпан Елеусізова

КТК АҚ, Ақпараттық Бағдарламалар Дирекциясының диктор-жүргізушісі. «Ретро ФМ Қазақстан» радиостанциясы, эфир редакторы.

Ақпараттық шығарылымдардың «роботтандырылған» жүргізушілерінің дәуірі келмеске кеткен. Көрермен ендігі жерде қағазға қарап жаңалық оқып отыратын қимылсыз қыздар мен жігіттерді көргісі келмейді. Қазір бүкіл дүниежүзінде жүргізуші орындығына ақпарат айдынында жұмыс істеген, кезінде өздері де микрофон ұстап жүгірген, жаңалық қалай жасалатынын жақсы білетін бұрынғы тілшілер отырып жатыр.  

Алайда, қазақстандық арналар эфиріне жүргізушілер әлі де сырт келбетіне және жасына қарай таңдалатынын мойындауымыз керек. Айталық, журналистикада жұмыс тәжірибесі жоқ сіз де телевизияда диктор болуды армандайтын шығарсыз. Жаңалықтар шығарылымы аясында лайық көрініп, көрерменнің сеніміне ие болу үшін не істеу керек?