Реттеу

Мен қызмет ететін республикалық арнада жаңалықтарды реттеу әдетте шығарылымға екі сағат қалғанда жасалады. Оған жүргізушінің қатысқаны жөн, бірақ міндетті емес. 

Әйтсе де, қандай тақырып бірінші болып айтылуы керек, одан кейінгі кезек қай жаңалықтікі, он жетінші тақырып неліктен хронометражға сыймай қалса да болатынын талқылау барысына қатысқаныңыз жөн дер едім. Әрине, бас редактор мен шығарушы редактор және тілшілер желісінің жетекшісі бәрін дұрыс реттейтініне күмән жоқ, алайда, жүргізуші де ұсыныс айта алады. Сөйтіп, шығарылым қандай қисынға сүйеніп құрылғанын түсінесіз және әр сюжеттің қысқаша мазмұнын біліп аласыз.  

Практика

Практика. Мына тақырыптардан республикалық арнаның қорытынды жаңалықтар шығарылымын жасап көріңіз: 

  1. Танымал кеңестік спортшы Алматыда үйсіз қаңғып жүр (Алматы, сюжет). 
  2. Салық төлеушілерге салынатын айыппұл сомасы екі есе артты  – жақсы ма, жаман ба? (Астана, КСТ+СНХ).
  3. Ақтаудағы үлескерлер екі оттың ортасында қалды: үйіне кіре де алмайды, тіркеле де алмайды (Ақтау, сюжет).
  4. Алты баласын әжесіне қалдырып кеткен шеше ешкімді тастамадым дейді (Тараз, КСТ+СНХ).
  5. Нұрсұлтан Назарбаев араб инвесторларын Астанаға шақырды (Астана, КСТ).
  6. Qazaq Air мас ұшқышты штурвалға жолатпады (Атырау, сюжет).
  7. Бішкек маңында жүк таситын ұшақ құлады (Бішкек, сюжет).
  8. Алматыда Халыққа қызмет көрсету орталығына келген тағы бір кісі қайтыс болды (Алматы, сюжет).
  9. Шымкентте көлік қағып кеткен 4 жасар Кирилл жерленді (Шымкент, сюжет).
  10. Алматылық полицейлер ерекше орыннан жезөкшелер үйін тапты (Алматы, СНХ+КСТ+СНХ).
  11. Ақтөбеде лотереяға байланысты жанжал шықты (Ақтөбе, СНХ+КСТ).
  12. Оралдықтар испаниялық туристердің көлігін жөндеп, өздеріне қазы мен еттен ауыз тигізді (Орал, СНХ+КСТ+СНХ).
  13. Қазақстандықтардың ЭКСПО тұмарларына көзқарасы: күлейін бе, жылайын ба? (Астана, сюжет). 
  14. Майлыбаевтың кінәсі дәлелденсе, сегіз жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 


Мұнда дұрыс не бұрыс жауап жоқ. Сіз жасаған рет қисынды болса, көрерменнің наразылығын тудырмайды. Ал ол қаншалықты қисынды екенін командаңыз шешсін – бұл тапсырманы топ болып орындаған дұрыс.