Жер-су атаулары

Мәтініңіздегі жер-су атауларына қатысты жағдай Google.maps сияқты: сіздің арнаңыздың таралу аясы неғұрлым кең болған сайын, шартты жерсерігіңіз де соғұрлым биіктей береді де, көше, тіпті, қала атаулары да көрінбей қалады. Қытайдағы тасыған өзеннің, су басып қалған ауылдың атын атаудың қажеті жоқ, Қытайда дей салсаңыз жеткілікті. 

Бірақ! Қазақстанда бұған дейін Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласының маңындағы Шахан кенті туралы ешкім білмесе де, жаңа жылдың алғашқы күнінде онда көпқабатты үйдің кіреберісі қирап, адам шығыны болды, мұндай жағдайда бәрін егжей-тегжейлі атап отырып айтамыз. Өйткені, өз аумағыңыздың үстінде жерсерігі төменірек ұшуы керек. Әсіресе, төтенше жағдайлар болғанда бәрін толық атау міндетті. 

Ономастикалық комиссиялардың барлық шешімдері мен жер-су атаулары өзгерістерін қадағалап жүріңіз.