Заң бойынша...

Тіліне, дініне, нәсіліне, түр-түсіне, жынысына, саяси немесе басқа да наным-сенімдеріне, ұлттық немесе әлеуметтік тегіне, мүліктік, тектік немесе топтық ерекшеліктеріне қарамастан, барлық адамның құқығы тең және оған қол сұғуға болмайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларациясы осылай дейді. Халықаралық құқықтық құжат бойынша, адамның жеке басының құқықтарына қол сұғуға, ар-намысына тиюге, намысын таптауға жол жоқ.

Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша да солай. Негізгі заңның 14-бабының 2-тармағында: «Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды», – делінген. Конституцияның 17-бабы бойынша: «Адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды». 18-баптың 1-тармағы «Әркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» деп кепілдік береді. Ал 19-баптың 1-тармағы бойынша: «Әркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы». 

Алайда, қазір әлеуметтік желілерде, ақпараттық сайттарда немесе басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында адамның ар-намысына тию, жеке өміріне қол сұғу, қарапайым этика нормаларын сақтамау қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Жазуға болатын нәрсе мен жазуға болмайтын дүниенің ара-жігін ажыратудан қалып бара жатқанымыз байқалады. Бұл, әсіресе, белгілі продюсер Баян Есентаеваның басынан өткен жағдай кезінде қатты байқалды. Баян ханымның ауруханада жатқан суретінің тарап кетуінен бастап, оның өміріндегі әрбір болымды-болымсыз сәттің, оның отбасы мүшелерінің жүрген-тұрғанының тегіс ақпарат көзіне айналуы осының дәлелі.