Әлеуметтік желі – ақпарат көзі емес

Өкінішке қарай, бүгінгі күні әлеуметтік желі негізгі ақпарат көздерінің біріне айналып отыр. Егер қандай да бір мемлекеттік мекеменің өкілі сол мекеменің жауапты қызметкері ретінде тіркелген ашық аккаунт бетінде әртүрлі ақпараттар тарататын болса, ол назар аудартуы мүмкін. Ал кез келген мемлекеттік қызметкердің әлеуметтік желіде жеке өз атынан ашылған, қызметі көрсетілмеген, тек өз достарына ғана ашық аккаунты болса, ондағы кез келген жазба ақпарат көзі бола алмайды. Мәселен, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің Фейсбук әлеуметтік желісінде аккаунты бар. Онда қала әкімі сұрақтарға жауап береді, соңғы жаңалықтарды жазады, сауал қойған немесе ұсыныс айтқан кейбір қала тұрғындарын кездесуге шақырады. Астана қаласының әкімі ретінде отырғандықтан, ол парақшада жеке басына қатысты ешқандай дерек жарияланбайды. Ал егер әкімнің екінші бір парақшасы болып, ол жерде өзінің демалыс сәтіндегі суреттерін салып, отбасылық мәселелерін жазса, ол көптің талқысына салуға себеп емес. Немесе, лауазымды тұлғаның, мемлекеттік қызметкердің немесе қоғамға белгілі азаматтың басқа біреудің парақшасындағы суреті де көптің талқысына салуға себеп емес. 

Мәселен, 2016 жылдың күзінде Ratel.kz сайты Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары туралы жазба жариялады. «Әкімнің орынбасары Канныда қалай демалып қайтты?» деген жазбаға Инстаграм әлеуметтік желісіндегі бір сурет себеп болған. Осы материалды бірқатар қазақтілді сайттар да аударып басты.  

Ratel.kz Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жандос Байырхановтың 2016 жылдың жазында Ақтөбенің әкімі Ілияс Испановпен бірге көптеген тексерулер мен рейдтерге шыққанын, ал жазғы демалыстың соңына қарай отбасына мерекелік көңіл-күй сыйлағанын жазады. Италия мен Францияда демалып қайтқан шенеунікке Ratel.kz журналистері телефон соғады.  Екеуара әңгіме былай өрбіген: 


–Қайырлы күн! Сізге кедергі келтіріп жатқан болармын. Дегенмен, телефон соқпауға болмады. Инстаграм желісінен сіздің суретіңізді кездейсоқ көріп қалдым. Шенеуніктің шоу-бизнес жұлдыздарымен дос болғаны қызық екен. 

–Білмедім, сіз кімді айтып отырсыз? 

–«МузАРТ» тобының әншісі Мейрамбек Бесбаевты. 

–Ал сіздің жеке басыңызға оның керегі не? 

–Сіз шенеуніксіз және үнемі елдің көз алдындасыз... 

–Ол менің жеке өмірім. 

–Сіздің жеке өміріңізге араласпақ ойым жоқ. Бірақ, жуырда ақтөбелік басылымдардың бірі әкімдік қызметкерлерінің айлық жалақы мөлшерін жариялапты. Сіз Канныға баратындай көп ақша таппайсыз. Бізге де ақша үнемдеп, жинап, Еуропада демалып қайтуға кеңес бере алмас па екенсіз? 

–Ештеңе айта алмаймын. Егер менің жеке туристік агенттігім болса, айта алар едім. Өкінішке қарай, көмектесе алмаймын. 

–Яғни, сіздің жалақыңызбен де шетелге барып демалуға болады ғой? 

–Айта алмаймын. Бұл сапардың жұмыспен еш қатысы жоқ...

Иә, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы айтарлықтай көп емес. Бірақ, соған қарамастан, бұл дәл осындай сарындағы мақала жазуға себеп бола алмайды. Прокуратура, ішкі істер органдарының алдындағы қымбат көліктерді суретке түсіріп, «азғантай айлыққа мұндай көлікті қалай алдыңыз?» деп сұрай алмайтынымыз секілді, шенеуніктерге «қай ақшамен демалып келдіңіз?» деген сауалды да қоя алмаймыз. Өйткені, лауазымды қызмет атқарады демесеңіз, ол да адам баласы. Оның да заңды еңбек демалысы бар. Және ол демалысын қайда, кіммен өткізуді әр адам өзі шешеді. Біреудің қалтасындағы ақшасын санау журналистің міндетіне кірмейтінін және журналистік этикаға жатпайтынын ескеруге тиіспіз. 


Журналист ешқашан, ешқандай жағдайда ешкімнің жеке басының кемшілігін жазуға хақысы жоқ екенін түсінуі керек. Біреудің арық не толық болуы, бойының ұзындығы немесе қысқалығы, киімінің жарасуы немесе жараспауы, шашының ақ не көк болуы, арқасындағы татуировкасы, желкесіндегі тыртығы мақаланың арқауы болмауы керек. Адамның тіліндегі кемістіктер, көзілдірік киюі, балдақпен жүруі немесе басқа да ерекшеліктеріне қатысты да солай.