Кемсітуге болмайды, бірақ...

Конституция бойынша, Адам құқықтары жөніндегі декларация бойынша, Адам баласын ұлтына, нәсіліне, тілі мен дініне қатысты кемсітуге болмайды. Бірақ...

Қылмыстық оқиға, даулы мәселе кезінде журналистер қауымы көбіне-көп тараптардың ұлтына, ұстанатын дініне акцент беріп, материалды сол тұрғыда беріп жатады. Мәселен, өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысында бір ауылдың тұрғындары өздерімен неше жылдан бері іргелес тұрып келе жатқан этникалық тәжіктерді ауылдан көшіріп жіберді. Олардың үйлерін өртеп, мүліктерін қиратты. Себеп: тәжік жігіті қазақ көршісінің кішкентай қызын зорламақ болған. Зорлағаны дәлелденген жоқ. Зорламақ болғаны да. Бірақ, ауыл түгел өре түрегеліп, тәжіктерге қоқан-лоққы жасады. Ал ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде «келімсектер әбден құтырды!», «бұларды тайраңдатып қоймау керек!» деген сарындағы жазбалар көптеп жариялана бастады. Арада бір жыл өткенде, өткен жазда Ақтау қаласында жантүршігерлік оқиға болды. Жасы қырықтан асқан азамат 6 жасар қызды зорлап, жағажайда күннің астында қалдырып кеткен. Бүлдіршін күн астында ұзақ жатып қалған. Жан сақтау бөлімінде есін жимаған күйі қайтыс болды. Қылмысты жасады деген күдікпен ұсталған жігіттің қорғаушылары күдіктінің отбасына қауіп төніп тұрғанын айтып, қайта-қайта дабыл қаққанымен, оның отбасын көшіріп жіберген ешкім болмады. Әлбетте, қандай да бір әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін әркім заң алдында жауап береді. Өз бетінше жазалауға ешкімнің де құқығы жоқ. Дегенмен де, дәл осы оқиғада «ұлт» факторы белгілі бір рөл ойнағаны жасырын емес. Егер әлгі бүлдіршін қазақтың қызы болып, ал күдікті өзге ұлттың өкілі болғанда, бұл оқиға қоғамдық резонанс тудыруы әбден мүмкін еді. Олай болмады. Немесе, Есік қаласында төрт азамат жабылып зорлады делінген  Жібек Мусинованың жағдайын алайық. Мұнда да күдікті жігіттерді жазғырудан гөрі, бойжеткеннің өзін кінәлі етіп көрсету көбірек байқалды. 

Екі ұлт өкілінің арасында болған жанжал немесе кішігірім кикілжің бірден ұлтаралық қақтығыс сипатын алып кете барады. Ол тіпті болымсыз тұрмыстық тартыстан туындаса да. «Шалақазақ», «мәңгүрт» деп кемсіту; «сақалдылар», «шолақ шалбар киетіндер» деп жазу да қазір қалыпты жағдайға айналған. Күн сайын көшеде белгісіз адамдар төбелесіп жатады. Кейде бірнешеуі бір адамға жабылып жатады. Ондай бейнежазбалардың талайы уотсап желісі арқылы да күніге келіп жатады. Алайда, егер сол бейнежазбада барлығы бір ұлттың өкілі болса, онда аса қатты назар аудармаймыз. Ал егер таяқ жеп жатқан қазақ болып, өзгелері басқа ұлттың өкілі болса, бірден жәбірленуші мен айыпталушы белгілі бола қалады. «Бүкіл бір көшеде дүнгендер тұрады екен», «өзбектердің ауылы екен», «ұйғырлардың базары», «түріктердің районы» дегендей «анықтауыштар» ауызекі айтылғанымен, оларды ақпарат құралында жария ету дұрыс емес.