ЖУРНАЛИСТ СОТ НЕМЕСЕ ПРОКУРОР ЕМЕС!

  • Қылмыскер жазасын алуы тиіс; 
  • Адам өлтірген азғын алшаң басып жүр; 
  • Бар кінә – мұғалімдерде; 
  • Жол сақшылары шетінен парақор;

Мұндай сипаттағы жазбалар журналистік этиканың жоқтығын ғана емес, сонымен бірге журналистің кәсіби деңгейінің төмендігін де көрсетеді. Журналистің міндеті қылмыскердің жазасын беру емес. Тіпті, оны талап ету де біздің міндетімізге кірмейді. Біздің міндет – қандай да бір қылмыстық оқиға туралы жазғанда болған жағдай туралы ақпаратты беру. Егер журналистік зерттеу жүргізген болсақ, қылмыстың себебін көрсетіп, тараптардың әрқайсысының көзқарасын жариялау. Онда да заң шеңберінде ғана. 

Қандай да бір оқиға кезінде журналистер сол оқиғаның ішіне кіріп кетіп жатады. Жәбірленуші тарапқа жақтасып, айыпталушы жаққа қара күйе жаға сөйлеу де дағдыға айналған. Осының барлығы айналып келгенде жалпы журналистиканың деңгейінің төмендеуіне ықпал етіп жатқанын білген жөн. 

Журналистік этика дегеннен шығады, қылмыстық оқиғалар кезінде этика нормаларын сақтамау салдарынан адам құқығы аяқасты болатын жағдайлар да көп кездеседі. 


Мысалы

Алматының қақ ортасында көпқабатты үйдің кіреберісіне кірген кішкентай қызды ұстап алып, зорламақ болған педофил ұсталды. Кешкі жаңалықтарда педофил деген күдікпен бір ер адамның ұсталғаны айтылды. Сонымен бірге, кейбір журналистер әлгі үйге барып, көшесін айтып, подъезін көрсетіп, жәбірленуші тұратын пәтердің есігінде қоңырау басып, «ешкім жауап бермейді» деп тұрды. 

Бұл арада әңгіме адамның тағдырына қатысты. Ол қыздың ата-анасы бұл жағдай туралы таныстарының, жалпы көпшіліктің білгенін қаламайтын шығар. Оқиғаның ертеңгі салдарынан қорқатын шығар. Тіпті, олай болмаған күннің өзінде де мұндайды еш қымсынбастан көрсету кәсіби этикаға жат. 

НЕМЕСЕ:

Алматының іргесінде ұшақ құлап, жолаушылар мен экипаж мүшелері түгел мерт болды. Осы оқиғаға бір жол толған уақытта белгілі бір телеарна арнайы сюжет жасамақ болады. Ұшақ апатынан көз жұмған ерлі-зайыптылардың ұлынан сұхбат алмақ болады. Алайда, баланың психологиясына әсер ететіндіктен, жақындары мұндай сұхбатқа рұқсат бермейді. Бірақ, «тапқыр» тележурналистер баланың мектебін біліп алып, сабақтан шыққанын аңдып тұрып, әңгімеге тартады. 

Кәмелеттік жасқа толмаған баладан үлкендердің рұқсатынсыз сұхбат алуға болмайды. Сюжеттің «өтімділігін» ғана ойлап, адамның тағдырын естен шығарып алсақ, адамгершілікке сын екені өз алдына, кәсіби біліктілікке де сай емес.