"Айлығың қанша?... Қашан тұрмыс құрасың..?"

Адамның үйленгені немесе ажырасқаны; екінші, үшінші, бесінші рет үйленгені; жасы біразға келгеніне қарамастан отбасын құрмай жүргені; баласының жоқтығы (немесе ұлының, қызының жоқтығы); алатын айлығы; тұратын үйі; киетін киімі... тағысын тағы осындай жеке басына қатысты жайттар көптің талқысына салуға жатпайды. Дамыған елдерде. Ал бізде? Біздің елде бұл да қалыпты жағдайға айналған. Тележурналистер кез келген белгілі адамды көшеде артынан қуып жүріп ұстап алып, «Ажырасқаныңыз рас па?», «Күйеуіңіз сізді тастап кеткені рас па?» дегендей сауал қоя береді. Немесе жасы біразға келіп қалған адамдарға «Неге тұрмыс құрмай жүрсіз?» деген сауалды да ойланбастан қоя саламыз. Адамның денсаулығына қатысты жайттар да көптің «игілігіне» айналып кете барады. Мәселен, «Ұят емес» бағдарламасында жүргізуші Салтанат Қалиева белгілі тележүргізуші Айгүл Мүкейге «Неге тұрмыс құрмадыңыз? Неге бала көтере алмадыңыз?» дегендей сауалдарды қойып отырды. Өкінішке қарай, бізде ешкім ондай «ұсақ-түйек» үшін сотқа бермейді, моральдық өтемақы талап етпейді. Ал бұл өз кезегінде одан әрі «тереңдей» беруге жол ашады. 

Адамның жанына тиетін нәрселерді үнемі, ретті-ретсіз қазбалай беру де журналистік этиканың жоқтығын көрсетеді. Немесе белгілі бір тұлғаны алдап шақырып алып, «тығырыққа тіреу» де солай. 

Жуырда белгілі актриса Гүлшарат Жұбаева өзін телебағдарламаларға алдап шақырып алып, өнері туралы, қазіргі атқарып жатқан тірлігі туралы сөйлесіп, ал артынша баяғы «Келін» фильміндегі жалаңаш бейнесін көрсетіп, мүлдем басқа сипаттағы сюжет жасайтын журналистерге өзінің ренішін білдірді. Біздіңше, орынды реніш. 

Журналистік этика бойынша арнайы курс авторы Адиль Джалилов Журналистика мен жеке өмірдің шегін ажырата білу керектігін айта келіп, біраз нұсқауларды ұсынады. Солардың бірқатары мынадай: 

  • Қайғы-қасіретке душар болғандардың сұхбатын немесе суреттерін пайдалану және іздеу кезінде мейлінше мұқият болу. 
  • Ақпаратты жинау және тарату зиян келтіруі мүмкін және қолайсыздық тудыруы мүмкін. Ақпараттың соңынан қуу тәкаппарлыққа салынуға себеп бола алмайды. 
  • Ресми тұлғалар мен басқа адамдарға қарағанда жеке адамдардың өзі туралы ақпаратты бақылауда ұстайтын мүмкіндігі зор екенін ескерген жөн. Аса өзекті қоғамдық маңызы болмаған жағдайда біреудің жеке өміріне қол сұғуды ақтауға болмайды.  
  • Барлығына талғаммен қарау керек. Сенсация үшін фактілерді бұрмалауға болмайды. 
  • Күдікті кәмелеттік жасқа толмаған болса немесе жыныстық қорлық құрбандары туралы жазғанда олардың аты-жөнін жариялаудан сақтану керек.   
  • Ресми айыптау болмаған жағдайда қылмыс жасады деген күдіктілердің атын атамау маңызды.   
  • Қылмыс жасады деген күдіктінің әділ сотқа құқығы бар екені сияқты қоғамның да ақпарат алуға құқығы бар, дегенмен олардың арасындағы тепе-теңдік сақталуы керек.   

Сондай-ақ, 2002 жылдың 2 сәуірінде «Казахстанская правда» газетінде жарияланған Қазақстан журналистерінің кәсіби этика кодексі бойынша да журналистердің белгілі бір міндеттемелері бар екенін естен шығармаған жөн.