Интернеттегі қауіпсіздік жөніндегі кеңестер:

  1. Интернеттегі анонимдік пен қауіпсіздік – елес қана. Заң жүзінде интернет провайдерлері абоненттер мен қолданушылар туралы олардың кім және қайдан екенін анықтауға мүмкіндік беретін ақпаратты жинақтап, сақтап отыруға және құқық қорғау және сот органдары талап еткенде ұсынуға міндетті. 
  2. Интернетте жарияланатын контент үшін жауап беретін байланыс операторлары немесе провайдерлер емес, сіз бен біз екенімізді ұмытпаңыз. Интернетте не жазсаңыз да, ол онда мәңгі болмаса да, ұзақ сақталады... 
  3. Редакция сайтында, интернет-басылымда, редакцияның әлеуметтік желілердегі аккаунттарында және журналистердің блогтарында қолданушыларды тіркелуге міндеттеңіз және пікірлерді алдын-ала модерациялау жүйесін қолданыңыз. 
  4. Пайдаланушы келісімі бір қарағанда маңызсыз іс көрінуі мүмкін. Алайда, авторлар мен қолданушылардың құқықтары мен міндеттерін алдын-ала бөліп, модерация және премодерация ережелерін, жауапкершілік деңгейін келісіп алған жөн. 
  5. Қазақстан заңдары бойынша таратуға тыйым салынған немесе БАҚ үшін қауіпті контент туралы ескертпе жариялап қойыңыз. Ондай контент: Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға, конституциялық құрылысты өзгертуге үндеу, экстремизм немесе терроризмді насихаттау, ұлтаралық және дінаралық алауыздықты қоздыруға бағытталған ақпарат. 
  6. Қолданушылар контентін жариялар алдында тыйым салынған немесе қауіпті контентті ғана емес, үшінші тұлғалардың құқықтарын қорғауды да ұмытпаңыз: рұқсатсыз сурет жариялау, ар-намысын қорлау, авторлық құқықтарына нұқсан келтіруден абай болыңыз. 
  7. Интернеттегі ақпаратты қорғау жөніндегі кеңестер – архивтеу, анитивирус бағдарламаларын қолдану, спамды және күмәнді хаттарды жою – міндетті және автоматты түрде орындалуы тиіс. 
  8. Журналистердің әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттары –әркімнің жеке шаруасы. Қауіптен сақтанудың ең сенімді тәсілі – интернетте ештеңе жазбау. Әйтпесе, ел аумағында қолжетімді кез келген интернет ресурстары бұқаралық ақпарат құралына теңестірілетінін естен шығармаңыз.