Конфликтіден хабар тарату

Автор: Мұхтар Сеңгірбай

Халықаралық журналист, саясаттанушы, конфликтолог, саясаттану бойынша философия докторы (PhD).

2006 жылы жазда ауыр оқиғаның куәсі болдым. Алматыдағы «Бақай» ықшамауданында заңсыз салынған үйлерді сүргелі жатыр деген ақпаратты ести сала фототілші екеуміз сол ауылға тартып отырдық. Тас жолдан бұрылып, шаңдауытпен жүріп жеткенде жылаған балаларды, билікке, полицейлерге қарғыс айтқан аналарды, шатырға шығып, аттандап жүрген ер азаматтарды көрдік. Жағдай қатты ушығып тұрды. 

Полицейлерден, сот орындаушыларынан сұхбат алуға талпынып көрген едік, қолдары бос болмады. Сол эмоциямен келдік те «үйсіз, күйсіз қаңғыған бейшара халық» деген мазмұнда мақала жазып тастадық. Полицейлерді құбыжық етіп көрсеттік, түрлі теңеулер қолдандық. Мәселені үлкен саясатпен аяқтадық. Сонымен қоғамға үлкен пайдамызды тигіздік деп санадық. 

фото: Асылхан Әбдірайымұлы

Шынымен пайдамызды тигіздік пе?

Халықтың сөзін сөйлеп, үкіметті сынау – баспасөзге де, журналистке де ұпай әперетін ең оңай әрі ыңғайлы жол. «Үкімет қайда қарап отыр?», «Әкімдер халықтың қамын неге ойламайды?», «Қазақтар өз елінде неге үйсіз жүреді?» деген елдің құлағына жағымды болғанымен, кикілжіңнің табиғатын түсінуге, оны түбегейлі шешуге еш жәрдемдеспейтін жауапсыз мәлімдемелер. Әсіресе, ушығып тұрған кикілжің кезінде бұл әдіс тіпті отқа май құйып, жағдайды одан сайын шиеленістіріп жіберуі мүмкін. Менің бұл қателігімді қайталамау үшін не істеу керек? 


Ең алдымен, кез келген конфликтінің түпкі себептерін, оның даму кезеңдерін, оны қоздырушы факторларды, негізгі тараптарды білу керек. Әрине, журналист – ғалым емес, оқиға орнынан шұғыл репортаж беруге бара жатқан тілшінің мәселені зерттеп отыруға уақыты да жоқ. Сондықтан, кез келген кикілжіңнен хабар жазуға бара жатқанда есте ұстайтын басты қағидаларды ұсынамыз.