1-тақырыпша. Конфликт деген не?

1-суретке мұқият қараңыз. Не көріп тұрсыз? Қайтадан мұқият қараңыз, мүмкін бастапқы ойыңыз өзгерген болар? 

Осы суретті студенттерге көрсеткен сайын әркелкі жауап аламын. Біреулері мұны қураған ағаш десе, екіншісі өзеннің аңғарына ұқсатады, ал үшіншілері сүйісіп тұрған қыз бен жігітті көреді. Қоғам да сол сияқты, түрлі құбылыстарды әр адам әркелкі қабылдайды, бұл оның біліміне, өскен ортасына, психикалық ерекшеліктеріне, сол кездегі көңіл-күйіне, тағы да басқа көптеген факторларға байланысты. 

Конфликт – мақсат-мүдделері қабыспаған (бір суреттен әркелкі бейнелерді көрген) адамдар мен топтардың арасындағы пікір қайшылығы, яғни ол – өміріміздің бір бөлшегі. Тек ашық әрі сау қоғамда ғана конфликт болады. Әрі ол бейбіт әрі өркениетті диалог түрінде өтеді. Мұндай конфликт қоғамға өте қажет, соның арқасында қоғам алға жылжиды, проблемаларды сыртқа шығарып, оны шешудің өркениетті жолдарын қарастырады. 

Мәселені бейбіт жолмен шешуді үйренбеген, демократиялық саяси жүйе қалыптаспаған мемлекеттерде конфликт қақтығысқа, күш қолдануға ұласып кетеді. Мұнда кейде журналистер басты рөл ойнайды. Иә, отты тұтандыруға журналистердің білместігі себепкер болады. 

Конфликтінің табиғатын түсіну үшін 1983 жылы режиссер Г.Бардин түсірген сіріңкелер туралы мына қысқа мультфильмді көруді ұсынамын.