2-тақырыпша. Конфликт табиғаты

Қоғамдағы кез келген конфликт (әлеуметтік, саяси, ұлтаралық, дінаралық, т.с.с.) – астары көп, күрделі әлеуметтік құбылыс. Сондықтан, бір дау-дамай туралы хабар бермес бұрын оның табиғатын аз да болса түсініп алу керек. Оның табиғатын түсіну дегеніміз – оның қай кезеңде тұрғанын және оған қатысушы тараптарды анықтау. Журналист үшін мұның екеуі де өте маңызды. 

Конфликт кезеңдерін 1) конфликтіге дейінгі 2) конфликт кезіндегі 3) конфликтіден кейінгі деп қарапайым үш бөлікке бөлеміз (2-сурет). Бірінші кезеңде тараптар мүдделер алшақтығын сезініп, оны эмоциясыз, салмақты түрде талқылай бастайды. Бұл – мәселені байыппен талқылап, ушықтырмай шешуге ең ыңғайлы кезең. Мұнда журналист мәселені ортаға салып, оны шешу жолдарын құзырлы органдарға, үкіметке ұсынуы керек. 

Конфликтінің белсенді кезеңі әдетте болмашы бір оқиғадан басталады. Бұл оқиға шешілмей келе жатқан үлкен мәселені қоздырып, тараптарды белсенді әрекетке, зорлық-зомбылыққа итермелейді. Басқаша айтқанда эскалация басталады. Бұл кезеңде адамдар рационалды ойлай алмай қалуы мүмкін. Журналист те сол қоғамның өкілі болғандықтан, ол да бір тарапты жақтап, отқа май құя түседі. Дәл осы жағдайда «сезімтал журналистиканың» рөлі орасан зор. 

Кикілжің белгілі бір себептермен саябырсып, басылған тұста да журналистің жұмысы өте маңызды. Бұл кезеңде олар екі жақтың арасында өзара түсіністік пен сенім қалыптастыруға тырысуы керек. 

Конфликт үнемі тек екі тараптан тұрмайды, онда тасада тұрған ойыншылар, ықпал етуші, арандатушы жақтар болуы мүмкін. Сондықтан, бір кикілжің туралы жазардың алдында ойша болса да оның картасын жасап алыңыз (3-сурет).