3-тақырыпша. "Сезімтал журналистика"

Қақтығыстар көп болған елдерде «conflict reporting» дегеннің орнына «peace journalism», «conflict sensitive journalism» деген ұғымдар қалыптасқан, қазақшаласақ, «бейбіт журналистика», «сезімтал журналистика» деуге болады. Бұлардың басты мақсаты – конфликтіні текетірес, бітіспес дау-дамай емес, қоғамдағы объективті құбылыс ретінде сипаттап, оның зорлық-зомбылыққа ұласып кетуіне жол бермеу. 

Физикалық зорлықтан (күш немесе қару қолдану, мүлікті талқандау, т.с.с.) бұрын мәдени зорлық болады. Журналист көбіне байқамай немесе білместікпен осы процеске белсене араласып кетеді. Кейде тараптардың пікірін өзі айтып, бейтараптық принципін бұзып жатса, кейде «шындықты» беремін деп олардың жаулық сипаттағы сөздерін жариялап, жағдайды одан сайын ушықтырады. 

Мәдени зорлыққа мыналар жатады:

  • Жаулық сипаттағы сөздер (hate speech) – ұлттық, діни топтардың бір-бірі туралы жағымсыз пікір айтып, бір-бірін айыптауы, онда кекесін мен мысқылдың, өшпенділіктің болуы. 
  • Ксенофобия – бір топтың екінші бір топқа қатысты жағымсыз стереотиптерін факт орнына пайдалану, менмендік, үстемдік, өшпенділік, тарихи фактілерді бұрмалау, орынсыз қорқыныш, үрейді насихаттау. 
  • Соғыстың батырлары туралы аңыздар – «жауды жеңген батырлар» туралы әңгімелер екінші тараптың намысына тиеді, ол адам бір жақ үшін батыр болса, екінші жақ үшін қылмыскер саналуы мүмкін. 
  • Күш қолдануды ақтау – қорғану, кек алу, жерді қайтару, намысты қолдан бермеу сияқты түрлі себептермен күш қолдануға болады деп жазу арқылы журналист бір жақтың ығына жығылып, жағдайды одан бетер ушықтырады. 

Сонымен, сезімтал журналист қандай қағидаларға сүйенуі керек?

  1. Конфликтіні бір-біріне қарама-қарсы екі топтың қақтығысы деп сипаттамау керек. Оның орнына елеусіз қалған көзқарастарды, өмірлік оқиғаларды суреттеңіз, конфликтіні жекелеген топтардың, адамдардың әркелкі тағдырлары ретінде көріңіз. Мәселен, Украинадағы конфликт кезінде жаралы солдаттарды да, демонстранттарды да емдеген дәрігерлер, Грузиядағы конфликт кезінде солдаттарға гүл сыйлаған балалар, т.с.с. 
  2. Үнемі бір-біріне ашық саяси талап қоя беретін, жұртқа белгілі көшбасшылардың дәйексөздерін бере бермеңіз. Қарапайым адамдардың арасына барып, солардың пікірін беріңіз. 
  3. Екі жақты бөліп тұрған жайттарды емес, керісінше, ортақтастыратын нәрселерді табуға тырысыңыз. Олардың мақсат-мүдделері тоғысатын тақырыптарға көбірек назар аударыңыз. 
  4. Жапа шегіп жатқандарды, қорқыныш пен үрейді айта бермеңіз. Позитивті оқиғаларға, өмірлік көріністерге назар салыңыз. 
  5. Тараптардың қиындықтарын сипаттағанда екі жаққа теңдей қараңыз, бір жақты агрессор, екінші жақты жапа шегуші етіп көрсетпеңіз. 
  6. Бір тарапқа лайықсыз ат қоюға тырыспаңыз. «Террорист», «басқыншы» деген сөздерді орынсыз қолданбаңыз, екінші тараптың пікірін ескеріңіз, олардың орнына бейтарап сөздер қойыңыз. 
  7. Қылмысты ұлтпен, нәсілмен байланыстырмаңыз, қылмыскер туралы материал бергенде оның ұлтын көрсетпеңіз.