Соқыр журналистке бәрі «дата»

Интернет күл-қоқысқа толы. Ішінде жүрген соң аңғара бермейміз. Көзіміз үйреніп кеткені сонша, кейбір журналистер деректің анық-қанығына үңілмейді. Сондықтан дата журналист аса ұқыпты болуы тиіс. Дата жобаға деректерді жинастыру кездейсоқ бір ойдан басталса, кейде бір деректің соңынан екіншісі шығып, қызықты оқиғаға ұласып жатады. 

«Дата жобамыздың» фокусы бір тақырыпқа тоғысуы үшін әдетте массивті деректі сараптап, бір сауалға келген жөн. Өйтпейінше, үлкен датаның ішінде адасып кету оңай. Тіпті кейбір жағдайда журналист өзінің көргісі келген шындығына көз жеткізу үшін мақсатты түрде сондай деректерді жинақтап, өз пайымына өзі разы болып, онысымен оқырманды жаңылдыратын жағдайлар кездеседі. Бұл әдетте дата журналист жиналған дерегін толық түсінбеген жағдайда болады. 

Дата журналистер әдетте шағын топта жұмыс істейді. Бірі деректі тапса, екіншісі сұрыптайды, үшіншісі оны бір ізге келтіріп, ішінен қызықты оқиға іздейді, төртіншісі статистика формуласымен сандардың маңызын есептейді, бесіншісі оқиғаны визуализациялайды. Аталған қадамның әрқайсысы сәтті орындалған жағдайда дата жоба түсінікті, маңызды қалыпқа келеді.

Дата жоба сол себепті әдетте үш аптадан бастап үш жылға дейін созылуы мүмкін. Нәтижесінде майға қуырылып, суда қайнаған дерек ең соңында дәмді тамаққа айналып, оқырманға ұсынылады.